Шетпе теміржол бекеті жаңа кейіпке енді

  • AstanaTV
  • 25 қараша 2026

Маңғыстаудың күретамыры саналатын Шетпе бекеті күрделі жөндеуден өтіп, қайта түледі. Игі іс Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 124 вокзалды жаңғырту жөніндегі тапсырмасы аясында жүзеге асты. Нәтижесінде, нысанның жолаушылар қабылдау қабілеті екі есеге артқан. 

Бекеттің келбеті ғана емес, ішкі мазмұны да түбегейлі өзгерді. Мұнда аумағы 2 100 шаршы метр болатын жолаушылар алаңы салынған.  Ал еденіне заманауи жабынды төселген. Ерекше қажеттілігі бар жандар үшін арнайы тактильді жолақтар да бар. Сондай-ақ, бағыт-бағдар сілтейтін белгілер орнатылып, іші жаңа жиһазбен және озық құрылғылармен жабдықталған.

БАСҚАР АҚҚҰЛ, МАҢҒЫСТАУ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 ҚР Үкіметінің тапсырмасына сәйкес, осы еліміздің аумағындағы теміржол вокзалдарын жаңарту бойынша осы аудан орталығы Шетпе ауылының теміржол вокзалы қайта құрылымды жаңғырту қызметінен өтті. Бас мердігер«Заңғар SG» компаниясы. Бұл жерде 1966 жылы салынған ескі вокзал болатын. 
Бұл жерде қасбеттік, барлық құрылыс жағдайлары, инженерлік инфрақұрылым бәрі тартылды. Әсем ғимарат, қала тұрғындарына, аудан тұрғындарына, қонақтарына керемет жағдайда табысталып отыр. 

Жаңғырту жұмыстарынан кейін вокзалдың аумағы бес есеге жуық кеңейді. Бұрын 201 шаршы метр болса, қазір 1090 шаршы метрге жетті. Енді бекет тәулігіне 100 жолаушыға дейін емін-еркін қабылдай алады. Бұл ауқымды жобаны «Қазақстан темір жолы» компаниясы өз қаражаты есебінен атқарды.

РАХМЕТ АЙЛЕКОВ, ШЕТПЕ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

 Өте тәуір вокзал болды, былай қарағанда. Ал мына ашылып жатқан вокзалымыз құтты болсын. Халық игілігіне пайдалансын. Аман-есен жүре берсін. аспанымыз ашық болсын. Халыққа ұнайтын вокзал болады ғой. 

 Бүгінде Шетпе арқылы 16 жолаушылар пойызы қатынайды. Олар Семей, Қарағанды, Ақтөбе, Атырау, Орал және Маңғыстау бағыттарын жалғайды. Жаңарған бекет енді жолға шыққан жұрттың жайлылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етпек.