Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) қазақстандықтардың несие шарттарын өзгерту туралы өтініштерін қараудың жаңартылған ережелерін бекітті, деп хабарлайды AstanaTV.
4 желтоқсаннан бастап күшіне енетін бұл құжат банктер, микроқаржы ұйымдары және коллекторлық агенттіктер үшін мерзімі өткен қарыздарды қайта құрылымдаудың бірыңғай тәртібін айқындайды.
Жаңа талаптар бойынша, несие төлемі кешіктірілген сәттен бастап кредитор 10 күн ішінде қарыз алушыға шарт талаптарын қайта қарауға өтініш беру құқығы барын хабарлауға міндетті. Ал борышкер өз тарапынан төлем мерзімін кейінге шегеруді, қарызды бөліп төлеуді, пайыздық мөлшерлемені азайтуды немесе айыппұлдарды алып тастауды сұрай алады. Түскен өтінішті кредитор күнтізбелік 15 күн ішінде қарап, қарыз алушының ұсынысын мақұлдауға, өз тарапынан қарсы шарттар ұсынуға не себебін түсіндіре отырып бас тартуға тиіс. Тараптар ортақ мәмілеге келген жағдайда, келісімшартқа тиісті өзгерістер 15 күн ішінде енгізіледі.
Сондай-ақ әлеуметтік осал топтағы азаматтар мен төтенше жағдайлардан зардап шеккендерге ерекше жеңілдіктер қарастырылған - олардың берешегі ешқандай комиссиясыз, кемінде 3 ай мерзімге қайта құрылымдалады.
Бұдан бөлек, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап бірнеше кредитор алдындағы төлем мерзімі 90 күннен асқан және жалпы қарызы 150-ден 1 600 АЕК-ке дейін жететін азаматтар қаржы омбудсманының платформасы арқылы берешекті ұжымдық реттеуге өтініш бере алады. Ал 2027 жылғы 1 мамырдан бастап, егер 24 ай ішінде берешекті реттеу рәсімдері жүргізілмесе, тұтынушылық несиелер бойынша қарызды коллекторларға беруге шектеу қойылады.