Аудит еңбек нарығын реттеу саласында 471 млн теңгеге заң бұзушылықтарды анықтады

Фото: Canva

Жоғары аудиторлық палата (ЖАП) еңбек нарығын реттеу, оның ішінде еңбек көші-қоны және халықты жұмыспен қамту шараларының тиімділігіне мемлекеттік аудит жүргізді. Нәтижесінде 476 рәсімдік сипаттағы бұзушылық пен 91 жүйелі кемшілік анықталып, тиімсіз жоспарлау 519 млн теңге көлемінде шығынға әкеп соққан, деп хабарлайды AstanaTV.

Тексеру Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің, ҚР ІІМ Көші-қон қызметі комитетінің, Еңбек ресурстарын дамыту орталығының және салалық өңірлік ведомстволардың 2023 жылдан 2026 жылдың бірінші жартыжылдығына дейінгі кезеңдегі қызметін қамтыды. Аудит деректері бойынша, осы уақыт аралығында елдегі еңбек нарығындағы ахуал тұрақты болған. Дегенмен тексеру барысында жұмыспен қамту сапасына қатысты түйткілдер, жұмыс күшіне деген сұраныс пен ұсыныстың теңгерімсіздігі, еңбек нарығын мемлекеттік реттеу тетіктеріндегі олқылықтар және шешуді қажет ететін бірқатар өзге де проблемалық мәселелер белгілі болды.

Бұдан бөлек, Еңбек министрлігі бірлесіп орындаушылардың іс-шараларды қалай жүзеге асырып жатқанына толыққанды мониторинг жүргізбеген. Соның салдарынан нақты нәтижелері расталмаса да, жекелеген шаралар есептілікте орындалған деп көрсетілген.

Сонымен қатар халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын жекелеген санаттарды, соның ішінде мүгедектігі бар адамдарды, жетім балаларды және пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарды жұмысқа орналастыруға байланысты мәселелер анықталды.