Астанада мәслихат депутаттарының жаңа өкілеттіктері талқыланды

Астанада сарапшылар мен Құрылтай депутаттары мәслихаттардың рөлі мен жаңа өкілеттіктерін талқылады. «TALQYLAU» алаңындағы кездесу кезектен тыс сайлау қарсаңында өтті. Жаңадан сайланатын мәслихат депутаттарының алдында қандай міндеттер тұр? Тілшіміз айтсын. 

Пікірталасты «Әділет» партиясы жанындағы Қоғамдық саясат институты ұйымдастырды. Мәслихат сайлауы жаңа Конституция аясындағы саяси реформаның соңғы кезеңі болмақ. Айта кетейік, соңғы жылдары жергілікті бюджеттердің кірісі үш есеге өскен. Ал мәслихат депутаттарының заңмен белгіленген өкілеттіктерінің саны 18-ден 31-ге жеткен. Енді халық қалаулылары өңірлерді дамытуға белсенді атсалысуы тиіс.

АЙДОС САРЫМ, ҚР ҚҰРЫЛТАЙЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ, «ӘДІЛЕТ» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Соңғы 1-2 жылдың ішіндегі үлкен өзгеріс қазіргі Мәслихат депутаттарының мүмкіндіктері, олардың заңды пәрменді күші артып келе жатыр. Оларға беріліп жатқан мүмкіндіктер артып келе жатыр. Тек қана жер салығы бойынша 9 салықтың түріне Мәслихат депутаттары дауыс береді. Тіпті мына қосымша саудаға салынатын ең көп аймақтық салық жинайтын мәселені шешетін қазір Мәслихаттар. 

Сарапшылар тұрғындармен тікелей байланыс орнатудың маңызына да тоқталды. Бұл ретте қоғамдық қабылдаулар мен әкімдіктер жанындағы жергілікті кеңестердің рөлі ерекше. Жиынға қатысушылардың пікірінше, бүгінде мәслихаттар жергілікті мәселелерді шеше алатын өңірлік көшбасшылар қалыптасатын басты алаңға айналып келеді.

ТАЛҒАТ ҚАЛИЕВ, САЯСАТТАНУШЫ:

Ертең бізде мысалы келесі жылы үлкен Халықтық құрылыс басталады. Оған бір талай трлн ақша бөлінді. Соны кім бақылап отырады. Соның бәрін жасайтын Мәслихат болу керек. Сондықтан қазір халық сайлауға барғанда сол жағын ұзақ мерзімге қарап, сол мақсаттарды қойып отыру керек депутаттардың алдында. 

Мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы 29 қарашада өтеді. Дауыс беру таңғы сағат жетіде басталып, кешкі сегізге дейін жалғасады. Еліміз бойынша барлық деңгейдегі 228 мәслихаттың 3 447 депутаттық мандатына 11 мыңға жуық кандидат үміткер.