Қарағанды облысының жылу электр станцияларын жаңғыртуға биыл шамамен 45 миллиард теңге бөлінді. Қаражат жабдықтарды жөндеуге, жылу желілерін жаңартуға және жаңа қуат көздерін салуға бағытталған. Жұмыстар өңірдің бірнеше қаласында қатар жүргізіліп жатыр. Басты мақсат – энергетикалық жүйенің тиімділігін арттырып, қатты аязда да тұрғындарды жылу мен электр қуатымен үздіксіз қамтамасыз ету.
Қарағанды облысында энергетикалық инфрақұрылым жаңартылды. Қолданыстағы станциялар жөнделіп, жаңа нысандар салынды, желілер тартылды. Жұмыстарды энергетикалық қадағалау мамандары бақылап отыр. Олар жабдықтарды тексеріп, станциялардың қысқа дайындығын бағалайды. Соның бірі – Қарағанды 3- інші ЖЭО. Мұнда қалаға берілетін жылу мен электр энергиясының көлемін арттыру көзделген.
МЫРЗАХАН АХМЕТОВ, ҚАРАҒАНДЫ 3- ЖЭО ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
«Қазір енді қазандықтың іргетасы қаланып, қаңқасы қойылып қазандық барабан, экрандық панельдер монтаждалып жатыр. Одан қалды турбиналық цехтың родильный тостағандары және керекті қажетті жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жоба 2028 жылы пайдалануға беріледі. Егер де жобаны әске қоссақ осы Қарағанды қаласының 4 жүзден астам үйлері мен әлеуметтік нысандарын жылумен қамтамасыз еутге мүмкіндік береді».
ФЛЮР ГАРИПОВ, «ҚАРАҒАНДЫ ЭНЕРГОЦЕНТР» ЖШС БАС ДИРЕКТОРЫ:
Жалпы, тәжірибе көрсеткендей, мұндай нысанды салуға үш жылдан бес жылға дейін уақыт кетеді. Сондықтан оны тез салып, пайдалануға беру мүмкін емес. Сол себепті біз алдын ала жұмыс істеуіміз керек. Қарағанды ЖЭО-3 те осылай салынған. Қазандық пен турбинаны орнатуда біздің қызметкерлердің тәжірибесі бар. Құрылысты отандық мамандар жүргізіп жатыр.
Электр желілері де жаңартылуда. Майқұдықта қуаты 24 МВА болатын жаңа қосалқы станция салынды. Мұнда екі трансформатор орнатылған. Олар бірнеше аудан тұрғындарын электр қуатымен қамтамасыз етеді және қосымша қор жинайды.
Шахтинск қаласында жергілікті жылу электр орталығы жаңғыртылуда. Мұнда екі қазандық агрегаты күрделі жөндеуден өтті. Станция 38 мыңға жуық тұрғынды жылумен қамтамасыз етеді. Энергетикалық қадағалау мамандарының айтуынша, станцияның техникалық жағдайы жақсарып, қызыл аймақтан сары аймаққа ауысқан. Қаладағы жылу желілері де жаңартылып жатыр.
АБЫЛАЙ СЕЙДУӘЛІ, «ШАХТИНСКТЕПЛОЭНЕРГО» ЖШС ТЕХНИКАЛЫҚ ДИРЕКТОРЫ:
«Негізгі және қосалқы жабдықтар күрделі және ағымды жөндеу жұмыстарынан өтті. Соның арқасында бүгінгі күні Шахтинск қаласының тұрғындары апатсыз және тұрақты жылумен қамтамасыз етілуде».
Ал Осакаров ауданында баламалы энергетика дамып келеді. Мұнда «Гиперборея» жел электр станциясы жұмыс істейді. Станцияда жалпы қуаты 150 мегаватт болатын 21 жел турбинасы орнатылған. Олар Қазақстанда жұмыс істеп тұрған ең қуатты жел турбиналарының бірі. Станция жылына шамамен 603 миллион киловатт-сағат экологиялық таза электр энергиясын өндіре алады. Бұл көмірқышқыл газының шығарындыларын азайтуға мүмкіндік береді. Жалпы, өңірдегі энергия көздерін жөндеуге 45 миллиард теңгеден астам қаражат бағытталған. Энергетикалық қадағалау деректеріне сәйкес, технологиялық бұзушылықтар саны азайған.
АЙРАТ ҚАРАМУРЗИН, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫ БОЙЫНША МЕМЛЕКЕТТІК ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ ҚАДАҒАЛАУ ЖӘНЕ БАҚЫЛАУ КОМИТЕТІ АУМАҚТЫҚ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ:
17 қазандық пен 7 турбинаны күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған. Бүгінде жылу жүктемесі қосылған нысандарда жөндеу жұмыстары толық аяқталып, дайындық паспорттары алынды. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде технологиялық бұзушылықтар саны азайды. Биылғы көрсеткіштерді өткен жылмен салыстырғанда, облыстың барлық энергия көздері бойынша технологиялық бұзушылықтар 20 дан астам пайызға төмендеген.
Өңірде станцияларды жөндеу, жаңа энергоблоктар салу және желілерді жаңарту секілді энергетиканы жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр. Басты мақсат – қыс мезгілінде әр қаладағы тұрғындардың үйлерін жылумен қамтамасыз етіп, электр қуатын үздіксіз жеткізу.