Астанада салмағы 6 келіден асатын алып сәби дүниеге келді. Ұл баланың бойы да ұзын. Ата-анасы оған Нұрәлі деп есім берген. Дәрігерлер мұндай жағдайдың өте сирек кездесетінін айтады. Салмағы 6 жарым келі, бойы 64 сантиметр. Нұрәлі есімді алып сәби Астананың қалалық перинаталдық орталығында дүниеге келді. Қазір ана мен баланың жағдайы жақсы.
ЖҰЛДЫЗ ӘБДІКӘРІМОВА, СӘБИДІҢ АНАСЫ:
Баламның суы нашарлау болды, жүрек соғысы да нашарлау болды. Сонымен экстренно докторлар операция жасап алды. Шүкір жақсы. +Жақсы өтті. Докторларға, осы роддомның медбикелеріне алғыс айтамын.
Әдетте жаңа туған нәрестенің салмағы 3-4 келі шамасында болады. Ал Нұрәлі одан әлдеқайда ірі. Сондықтан дәрігерлер ана мен баланың қауіпсіздігі үшін табиғи жолмен босандырудан бас тартқан. Мамандар өзара кеңесіп, операция жасау туралы шешім қабылдаған.
ҚУАНЫШ ИБРАГИМОВ, ҚАЛАЛЫҚ ПЕРЗЕНТХАНАНЫҢ ЖҮКТІЛІК ПАТОЛОГИЯСЫ БӨЛІМШЕСІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ:
Ұрық жағдайының қаупіне байланысты бізде операциялық босану жүргізілді. +Операция барысында кішкене өзгешеліктер, ерекшеліктер болды. Барлығы дер кезінде, өз уақытында жасалып, қазіргі таңда жағдайы жақсы.
Елордада ірі салмақпен дүниеге келетін балалар аз емес. Биылғы жылдың алғашқы он айында қалалық перинаталдық орталықта салмағы 4 келіден асатын 929 нәресте туған. Оның 11-інің салмағы 5 келіден жоғары. Ал былтыр 1150 ірі сәби дүниеге келсе, олардың 20-сының салмағы 5 келіден асқан. Дегенмен дәрігерлер 6 келіден асатын нәрестелердің өте сирек туатынын айтады. Баланың ірі болуы босану кезінде анаға да, нәрестеге де қосымша қауіп төндіруі мүмкін.
САҒЫНАЙ УЗАКОВА, ҚАЛАЛЫҚ ПЕРЗЕНТХАНАНЫҢ КЕҢЕСТІК-ДИАГНОСТИКАЛЫҚ БЛОК МЕҢГЕРУШІСІ:
Ірі ұрықты босану кезінде акушерлік тактикалар өзгереді. Оның ішінде балалның салмағына байланысты, егерде 4,5 тен жоғары болса, онда оперативті жолмен босандырып аламыз.
Алып сәбидің дүниеге келуі дәрігерлер үшін сирек жағдай, ал отбасы үшін үлкен қуаныш. Ең бастысы, ота сәтті өтті. Қазір ана мен бала дәрігерлердің бақылауында.