Илон Маск АҚШ-тағы әрбір балаға SpaceX-тің екі акциясынан сыйлағысы келедІ

@BILD_Russian

Илон Маск АҚШ-тағы әрбір балаға SpaceX-тің екі акциясынан сыйлағысы келеді. Оның құны 18 миллиард доллардан асады, деп хабарлайды AstanaTV.

BILD_Russian ақпаратынша, Илон Маск АҚШ-тағы әрбір балаға өзінің SpaceX ғарыш компаниясының екі акциясын сыйлауды жоспарлап отыр. Бір акцияны компанияның өзі бөлсе, екіншісін Маск жеке өз атынан береді. Бұл туралы техномиллиардер X әлеуметтік желісінде жариялады.

АҚШ-та 18 жасқа толмаған шамамен 72 миллион бала мен жасөспірім тұрады. SpaceX-тің бір акциясының құны 127 доллардан асады. Демек, екі акцияның құны шамамен 255 доллар болады. Жалпы сомасы шамамен 18,36 миллиард долларды құрайды.

Балаларға көп күтудің қажеті жоқ. «SpaceX атынан берілетін акция келесі айда табысталады», — деп жазды Маск X желісінде. Ал оның жеке акциясы 2027 жылдың маусымында берілуі тиіс.

Қазан айында Маск әр балаға компанияның бір-бір акциясынан беруге уәде еткен болатын. Осылайша, енді ол тағы біреуін қосып отыр.

Әлемдегі ең бай адам үшін бұл оның дәулетінің аз ғана бөлігі. Forbes мәліметінше, оның байлығы шамамен 822 миллиард долларға бағаланады. Оның иелігінде SpaceX-тің шамамен 6,42 миллиард акциясы бар. 72 миллион баланың әрқайсысына бір-бір акциядан беру үшін оған өз үлесінің бір пайыздан сәл ғана асатын бөлігін сыйлау жеткілікті.

Сонымен қатар, Маск өзінің ғарыш компаниясының болашағы туралы зор шабытпен айтады. Оның пайымдауынша, егер SpaceX басқа планеталарды қоныстандыруға және күн энергиясының титтей бөлігін пайдалануға мүмкіндік берсе, болашақта компания қазіргі бүкіл әлемдік экономикадан әлденеше есе қымбат тұратын болады. Ол балаларға: «Мен сіздерге акцияларыңызды сақтап қоюға кеңес беремін», — деді.