АҚШ-та дауыл соғып, бірнеше штатта төтенше жағдай жарияланды

Фото: скриншот

Қолайсыз ауа райы әуе қатынасына әсер етіп, мыңдаған жолаушының жоспарын өзгертті. 80 мыңнан астам үй жарықсыз қалды

АҚШ-тың шығыс жағалауын қуатты дауыл жайлады. Нөсер жаңбыр мен екпінді жел салдарынан жүздеген әуе рейсі тоқтатылып, мыңдағаны кешіктірілді. Табиғи құбылыс бірнеше штаттағы тіршілікке де әсер етті, деп хабарлайды Astana TV BBC News агенттігіне сілтеме жасап.

FlightAware деректеріне сүйенсек, бейсенбі күні елде 460 рейс тоқтатылып, тағы 2 508 рейс уақытынан кешігіп орындалған. АҚШ-тың Федералдық авиация басқармасы ауа райының қолайсыздығына байланысты әуе қатынасындағы іркілістер апта соңына дейін жалғасуы мүмкін екенін ескертті.

Дауыл Пенсильвания, Мэриленд, Вирджиния және Нью-Джерси штаттарында электр желілеріне зақым келтірді. Бейсенбі күні кешке қарай 80 мыңнан астам үй жарықсыз қалған. Қазір энергетикалық компаниялар электр қуатын қалпына келтіріп жатыр. Алайда кейбір елді мекендерге жарық бірнеше күнде ғана берілуі мүмкін.

Шығыс жағалауда желдің екпіні сағатына 70 мильге, яғни шамамен 113 шақырымға дейін жеткен. Толассыз жауыннан бірқатар аумақты су басқан. Мэриленд штатында қауіпсіздік мақсатында кейбір көпірлер жабылды. Ал Вашингтондағы Рональд Рейган атындағы ұлттық әуежайдың ұшу-қону жолақтарын су басқан.

Қолайсыз ауа райы АҚШ-тың батыс жағалауында да күтіледі. Ұлттық ауа райы қызметі Калифорнияда нөсер жаңбыр жауып, таулы аймақтарда қар түсетінін және желдің күшейетінін хабарлады. Кейбір жағалау аумақтарында толқын биіктігі 2,4 метрден асуы ықтимал.

Дауыл теміржол қатынасына да кедергі келтірді. Толқын соққысы салдарынан теміржол желісінің бір бөлігі шайылып, Калифорния жағалауындағы Amtrak Pacific Surfliner пойыздарының бірнеше рейсі тоқтатылды.

Айта кетейік, АҚШ-та Алғыс айту күніне байланысты биыл 81,5 миллион адам үйінен кемінде 80 шақырым қашықтыққа сапарға шығуды жоспарлаған. Бұл туралы Америкалық автомобиль қауымдастығының болжамында айтылған.