БҚО-да бұралқы иттер шаруаның малын қырып кетті

  • AstanaTV
  • 27 қараша 2026

Батыс Қазақстан облысының Шыңғырлау ауданында бұралқы иттер шаруаның малын қырып кетті. Қолына таяғын ұстап қалған тұрғын бұған дейін де иесіз иттерден жапа шеккен екен. Былтыр түз тағысына айналған төбеттер тапа тал түсте осы ауылдан 80 қойды тамақтап кеткен еді. Ауылдастарының малын жалданып бағатын жігіт ағасы сол қарызынан әлі құтылып үлгірмеген. Қорадағы малын қан-жоса ғып қырған хайуанға қарсы тұруға шыңғырлаулықтар шарасыз. Тосқауыл қояр тұзағы да, ататын мылтығы да жоқ. Қолындағы телефонымен қойды қырған иттерді суретке түсіріп, полицияға шағымданыпты. Ал жергілікті әкімдік ешқандай көмек берілмейтінін кесіп айтқан. 

НҰРЛАН ТОКЕНОВ, ТҰРҒЫН:

Соны кеше әкімдікке барып айтып едім. Қараймыз, қараймыз деді, қағазымды ештеме қараған жоқ. Арыз жазу жөнінде де ештеме айтқан жоқ. Тек ауызша айтты. Сіздер не істейсіздер дегенде бұлар бізде ақша бөлінген жоқ, анау-мынау деді. 

Бұралқы иттердің бүгінде шаруа ғана емес, шенділердің де бас ауруына айналған. Өйткені күн сайын 30 шақты адам қабаған ит қауып алды деп шағымданады екен. Ал жыл басынан бері тоғыз мыңнан астам ит ауланыпты. 

АСЫЛЖАН ХАЙРУЛЛИН, ҚАЛАЛЫҚ ТҮКШБ БАСШЫСЫ:

Бүгінде 1800 ит ұсталып, олардың жартысына эвтаназия әдісі қолданылды. Бірақ қаламызда иесіз хайуандар әлі көп. Ит талап, зардар шеккендер де азаяр емес.