Алдағы мәслихат депутаттарының сайлауында дауыс берушілер тізіміне 12 жарым миллионнан астам қазақстандық енгізілді. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының отырысында белгілі болды. Әкімдіктер сайлаушылар тізімін учаскелік комиссияларға толық тапсырған. Дауыс беру 29 қарашада еліміздің барлық өңірінде өтеді. Қазақстандықтар облыстық, қалалық және аудандық мәслихаттарға 3 447 депутат сайлауы тиіс. Бұл мандаттарға 11 мыңға жуық тіркелген кандидат үміткер. Яғни, әр орынға орта есеппен үш адамнан таласады. Сайлау күні еліміз бойынша 10 мыңнан астам учаскелік және 3 мыңнан аса округтік комиссия жұмыс істейді. Орталық сайлау комиссиясының өкілдері барлық 20 өңірдің сайлауға дайындығын тексеріп, байқаушылармен, партиялармен және журналистермен екі мыңға жуық кездесу өткізді.
ШАВХАТ ӨТЕМІСОВ, ҚР ОРТАЛЫҚ САЙЛАУ КОМИССИЯСЫНЫҢ ХАТШЫСЫ:
Сайлау комиссияларының мүшелері мен сайлау процесіне қатысушыларды оқыту бекітілген жоспарға сәйкес жүргізілді. Мәслихат депутаттарының сайлауын ұйымдастыру және өткізу аясында 5 743 оқыту іс-шарасы ұйымдастырылып, оған 101 мыңнан астам адам қатысты. Каскадтық әдіс бойынша 86 мыңнан астам сайлау комиссиясының мүшесі толық оқытылды. Олар үшін 3 814 семинар өткізілді. Әсіресе, округтік комиссия мүшелерін даярлауға баса назар аударылды. Сайлау комиссияларының барлық мүшесі кезең-кезеңімен қашықтан тестілеуден өтіп, тиісті сертификаттарын алды.