Ақмола облысында «Көлігің аман болсын» акциясы өтті. Құтқарушылар жүргізушілерге көліктегі өрттің алдын алу жолдарын түсіндірді. Мамандар көліктің электр сымдары мен жанармай жүйесін үнемі тексеріп тұруға кеңес берді. Сондай-ақ әр көлікте жарамды өрт сөндіргіш болуы керектігін еске салды. Акция барысында жүргізушілерге өрт сөндіргіштер мен естелік сыйлықтар таратылды.
БАҚЫТЖАН АЛАШОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСТЫҒЫ:
Бүгінгі акцияның басты мақсаты автокөліктердегі өрттің алдын алу. Жүргізушілерге көліктің техникалық жағдайын үнемі тексеріп, өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау қажеттігін түсіндіріп жатырмыз. Әр көлікте жарамды өрт сөндіргіш болуы керек.
Қыс мезгілінде жолдағы қауіпсіздікке де ерекше көңіл бөлінеді. Мамандар жүргізушілерге алыс жолға шықпас бұрын ауа райы мен жол жағдайын тексеруге кеңес берді. Көлік қар құрсауында қалған жағдайда 112 нөміріне хабарласып, құтқарушылардың көмегін күту қажет. Мұндай шаралардың басты мақсаты - төтенше жағдайлардың алдын алу және жүргізушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
МҰРАТ БАЛПАН, АҚМОЛА ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Қыс мезгілінде жолдағы қауіпсіздікке ерекше көңіл бөлу қажет. Жүргізушілерден ауа райына байланысты ескертулерді ескеріп, жолға шықпас бұрын көліктерін мұқият тексеруді сұраймыз. Ең бастысы азаматтардың өмірі мен қауіпсіздігі.
ОЛЖАС КАСЕНОВ, ЖҮРГІЗУШІ:
Осындай шаралар жүргізушілер үшін өте пайдалы. Күнделікті көлік жүргізіп жүргендіктен, кейде қауіпсіздік ережелеріне аса мән бермей жатамыз. Бүгін мамандар қажетті кеңестерін айтып, өрт сөндіргіш сыйлады.