Ибица жағалауында дизель тиеген танкер аударылып, аралға экологиялық қауіп төнді

Фото: BILD

Бейсенбіге қараған түні бортында шамамен 7 мың тонна дизель отыны бар Med Emre танкері апатқа ұшырады

Кеме корпусында тесік пайда болып, ішіне су тез тола бастаған. Соның салдарынан танкер 90 градусқа жуық қисайып, кейін түгелдей аударылған. Экипаждың бір мүшесі қаза тапты, тағы 16 адам аман құтқарылды, деп хабарлайды Astana TV. 

Апат орнына мұнай өнімдерінің төгілуімен күресуге арналған арнайы кеме жіберілді. Ол буксирмен бірге танкерді бекітіп қойды. Егер отын суға аға бастаса, құтқарушылар ластанудың таралуына жол бермеу үшін шұғыл шара қолдана алады. Бір күн бұрын байқалған шағын отын дағы жұмаға қарай жоғалып кеткен. Порт әкімшілігінің бағалауынша, әзірге кеменің жүк цистерналары зақымданбаған.

Бүгін сүңгуірлер Med Emre кемесінің корпусын тексеріп, оның қаншалықты тұрақты тұрғанын бағалауы тиіс. Егер кеменің жағдайы мүмкіндік берсе, оны қауіпсіз айлаққа сүйреп апаруға әрекет жасалады. Одан кейін дизель отынын арнайы әдіспен сорып алу жоспарланып отыр. Ол үшін мамандар жүк цистерналарына арнайы клапандар орнатып, отынды басқа кемеге айдайды. Бұл жұмыс бірнеше аптаға созылуы мүмкін. Ауа райы қолайсыз болса, бірнеше айға дейін созылуы ықтимал.

Ұзындығы шамамен 120 метр болатын танкер Түркияның YMN компаниясына тиесілі және Мальта туымен жүзеді. Ол Испанияның Moeve мұнай компаниясына отын тасымалдап бара жатқан. Испания билігі апат болған аумақты бақылауда ұстап отыр. Өйткені дизель отыны теңізге төгілсе, Балеар аралдарының теңіз экожүйесіне үлкен зиян келтіруі мүмкін.