Ұлыбританияда гомосексуалдықты «емдеуге» тыйым салынбақ

Фото: BILD

Дін өкілдері жаңа заң өздеріне қарсы қолданылуы мүмкін деп алаңдайды

Ұлыбритания үкіметі адамды қорқыту және мәжбүрлеу арқылы оның жыныстық бағдарын немесе гендерлік болмысын өзгертуге бағытталған конверсиялық тәжірибелерге тыйым салуды көздеп отыр. Жаңа заңды бұзғандарға бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы берілуі мүмкін, деп Astana TV тілшісі BILD басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Заң жобасын талқылауға діни «сауықтыру» рәсімдері кезінде жасалған зорлық-зомбылық оқиғалары да себеп болды. Ұлыбританиядағы ЛГБТ ұйымы Galop дерегінше, 2022–2025 жылдары тіркелген конверсиялық тәжірибенің 195 оқиғасының төрттен бірінен астамы діни сеніммен байланысты болған.

Осындай оқиғалардың бірінде имам гомосексуалдық бағдардағы адамнан «шайтанды қууға» тырысқан көрінеді. Ол үшін әлгі адамның арқасына ине сұғып, қанын ағызған. Тағы бір жәбірленуші пастордың бойындағы «жынды қуу» мақсатында өзін Киелі кітаппен ұрғанын айтқан.

Мұсылман дін қайраткерлері заң жобасындағы тұжырымдар тым кең қамтылып, тіпті адамның өз еркімен алатын рухани көмегіне де шектеу қойылуы мүмкін деп қауіптенеді. Ұлыбритания ислам ғалымдары мен имамдарының бірлестігінен имам Хамза Захид заң адамдарды зорлық-зомбылықтан қорғауы керек, бірақ дұға етуге, діни кеңес беруге және рухани қолдау көрсетуге қылмыстық сипат бермеуі тиіс екенін мәлімдеді.

Muslim Women's Network ұйымының негізін қалаушы Шаиста Гохир де қылмыстық қудалау отбасы мүшелеріне дейін жетуі мүмкін екенін ескертті. Оның пікірінше, туыстарымен адамның жыныстық бағдары туралы сөйлескен жақындары да заң аясында жауапқа тартылуы ықтимал.

Англикан шіркеуінің өкілдері де алаңдаушылық білдірді. Епископтар Майкл Бизли мен Дэвид Уокер тыйым салынатын әрекеттер мен діни сенім бостандығының аражігін нақты ажыратуды талап етті.

Ал Ұлыбритания үкіметі әдеттегі дұға ету, діни сенімді ұстану және өз көзқарасын ашық білдіру жаңа заңмен шектелмейтінін мәлімдеп отыр.