Нәресте тірі туылған, ал оның өлімі денесінің шамадан тыс салқындауы салдарынан болған
Абай облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында жаңа туған нәрестені өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қаралды, деп Astana TV тілшісі turkystan.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Семей қаласындағы қоқыс контейнерлерінің бірінен жаңа туған нәрестенің денесі табылған.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында қылмысқа қатысы бар тұлғалар мен оқиғаның мән-жайлары анықталды.
Сотта анықталғандай, бала дүниеге келгеннен кейін ер адам нәрестені алып кетіп, қоқыс контейнеріне қалдырған. Сот-медициналық сараптаманың қорытындысына сәйкес, нәресте тірі туылған, ал оның өлімі денесінің шамадан тыс салқындауы салдарынан болған.
Сот талқылауының нәтижесінде ер адам Қылмыстық кодексінің 99-бабының 3-бөлігі (жас баланы өлтіру) бойынша кінәлі деп танылды. Сот оған аталған баптың санкциясында көзделген жалғыз жаза түрін – жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің төтенше қауіпсіздік мекемесінде өтеумен өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Баланың анасы Қылмыстық кодексінің 100-бабы (жаңа туған баланы анасының өлтіруі) бойынша кінәлі деп танылды. Аталған баптың санкциясында ең жоғары жаза ретінде төрт жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру көзделген. Қылмыстық кодексінің 55-бабының ережелерін ескере отырып, сот оған екі жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Сонымен қатар, оның жасаған қылмысы ауырлығы орташа қылмыстар санатына жататындықтан және рақымшылық жасау актісінің қолданылу аясына кіретіндіктен, ол тағайындалған жазаны өтеуден босатылды.