Қарағандыда 5 мың үйді газға қосу мүмкіндігі қамтамасыз етілді

gov.kz

Қарағанды қаласында Таугүл және Күнгей шағынаудандарын газдандыруға арналған газ тарату желілерінің құрылысы аяқталды. Жобаның 6-шы іске қосу кешені аясында 201 шақырым газ құбыры тартылып, 4 газ реттеу пункті және 44 шкафтық газ реттеу пункті орнатылды, деп хабарлайды Astana TV.

 

«QazaqGaz Aimaq» АҚ Қарағанды өндірістік филиалының белсенді қатысуымен жүзеге асырылған жобаның нәтижесінде 4 940 жеке тұрғын үйді табиғи газға қосу мүмкіндігі қамтамасыз етілді. Сонымен қатар газ тарату желісіне әлеуметтік және қоғамдық нысандарды қосу көзделген. Атап айтқанда, 1 мектепті, 5 балабақшаны, 2 медициналық мекемені және 4 спорт секциясын газдандыру жоспарланған.

Жобаның іске асырылуы Таугүл және Күнгей шағынаудандары тұрғындарының тұрмыс жағдайын жақсартуға, қалалық инфрақұрылымды дамытуға және әлеуметтік нысандарды табиғи газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Биыл Энергетика министрлігі елді мекендерді газдандыру бойынша 40 жобаны іске асыруда. Осының арқасында биыл тағы 36 мыңға жуық тұрғын табиғи газға қол жеткізеді деп күтілуде.

Жыл соңына дейін халықты газдандыру деңгейі 64,5 пайызға жетіп, 13,2 млн азамат табиғи газды пайдалану мүмкіндігіне ие болады.