«Қазгидромет» синоптиктерінің мәліметінше, жексенбі күні Қазақстанның басым бөлігінде қолайсыз ауа райы күтіледі — қар жауып, боран соғады, көктайғақ пен тұман түсіп, жел күшейеді, деп хабарлайды Astana TV.
Ақмола, Қарағанды, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарында қар, боран және көктайғақ болжануда, желдің екпіні 15–20 м/с-қа, Ақмола облысының шығысында 23 м/с-қа дейін жетеді. Қызылорда, Маңғыстау және Түркістан облыстарында, сондай-ақ БҚО мен Атырау облыстарының солтүстігі мен шығысында жаңбыр аралас қар жауып, тұман түседі және көктайғақ болады.
Ал Алматы, Шымкент, Тараз, Қонаев, Жезқазған және Ақтау қалаларында түнде және таңертең қалың тұман түседі. Алматы, Жамбыл және Жетісу облыстарының таулы және тау бөктеріндегі аудандарында желдің екпіні 15–25 м/с-қа дейін күшейеді.
Мамандар жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге жолға шығарда көріну деңгейінің төмендеуі мен жолдардағы күрделі ахуалды ескеруге кеңес береді.