Алматыда 1,3 мыңнан астам тұрғын үйден дауыс беруді таңдады

Алматы қаласының әкімдігі

Үйден дауыс беруге ниет білдірген сайлаушылар өтініштерін сағат 12:00-ге дейін беруі керек болған, деп хабарлайды Astana TV.

Алматыда мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауында 1 391 тұрғын үйден дауыс беріп жатыр. Мұндай мүмкіндік денсаулығына байланысты немесе науқас отбасы мүшелеріне күтім жасауына байланысты сайлау учаскесіне өздігінен келе алмайтын азаматтарға қарастырылған.

Үйден дауыс беру үшін сайлаушылар 29 қараша күні сағат 12:00-ге дейін тіркелген жері бойынша учаскелік сайлау комиссиясына жазбаша немесе ауызша өтініш беруі қажет болды. Жазбаша өтінішті туыстары арқылы да жеткізуге мүмкіндік берілді.

Осыдан кейін комиссия мүшелері азаматтардың орналасқан жеріне тасымалданатын дауыс беру жәшіктерімен барды. Бюллетень алу үшін сайлаушы жеке басын куәландыратын құжатын көрсетіп, өтінішке қол қоюы керек болды.

Еске салайық, бүгін, 29 қарашада Алматыда мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтіп жатыр. Қалада 670 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Дауыс беру сағат 20:00-ге дейін жалғасады. Қосымша ақпаратты 109 бірыңғай нөмірі арқылы алуға болады.