Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматыда жол жүру билеттері қайта қолданысқа енеді

  • AstanaTV
  • 24 ақпан 2016
  • 1416

Алматыда қоғамдық көліктерге арналған жол жүру билеті қайта сатылымға шығады. Бірақ қолданысқа 1 наурыздан бастап енеді. Бұл туралы қала әкімі Бауыржан Байбек тұрғындарға есеп беру кезінде айтты.

Жергілікті билік бір айлық жол жүру ақысын есептеген. Нәтижесінде қоғамдық көлікке 15 мың теңгеге дейін жолақы төлейтін жолаушылар бар екені анықталды. Жол жүру билеті 7200 теңгеден сатылатын болды. Сондай-ақ, қаланың экологиялық ахуалын жақсарту мақсатында, әкім қоластындағы қызметкерімен бірге велосипедке ауысатын болды.

Бауыржан Байбек, Алматы қаласының әкімі: 

Экология мәселесін шешу үшін барлық жұмыс атқарылып жатыр. Табиғатқа келетін залалдың 80 пайызы көліктердің үлесінде. Сондықтан көліктерімізді түгелдей газға ауыстырамыз. Менімен бірге әкімдіктің 86 қызметкері велосипедке көшеді. Егер біз үлгі көрсетпесек, кім көрсетеді?

Шаһар басшысы биыл балабақша мәселесі шешімін табады деп сендірді. Мегаполисте мектепке дейінгі мекемелер жеке коттедждерден ашылатын болды. «Осылайша аталған ғимараттарды салуға кететін қаражатты үнемдеуге сеп болмақ», - деді әкім. 

Айгүл ЕРМАХАН