Ресейге барып, орыс тілді музыка әлемінде танымал болған рэп-орындаушы творчестволық есімі Скриптонит, Әділ Жалелов пен Павлодар облыстық әкімдігі арасында бейнелеп айтқанда «баттл» болды. Облыс билігі оны «жерлес» деп Павлодарда тегін концерт беруге шақырдық десе, рэпер ешқандай келіссөз болмағанын айтты. Сонымен бірге өзі туған Ленин кентінің / бұл кент қалаға қарайды/, жылауға апаратын инфрақұрылымын сынады. Негізі тұздықтап айтса да, Скриптониттікі рас. Біздің тілшіміз Әсемгүл Мұхитқызы кенттегі күйінішті тіршілік туралы былтыр сюжет жасаған. Осы аптада тағы көріп қайтты – Ленин кентінде коммуникациядан ажыратылған апатты үйлерде басқа барар жері жоқ адамдар тұрады. Ми батпақ... Скриптониттің «баттлына» ұқсайтын біздің «баттл».
Валентина Гудина, Ленин кентінің тұрғыны:
Где наше начальство, где наши депутаты? Где? Я незнаю...
Сексеннің сеңгіріне шыққан Валентина әжей үшін хит әндегі «жоқ, жоқ!» тіркесі өте жақын. Соңғы 20 жыл бойы! Сұрықсыз үйдегі сүреңсіз тірлігін айтып, барған жері, баспаған табалдырығы қалмаған. Бірақ еститіні бір жауап – «күтіңіз!».
Валентина Гудина, Ленин кентінің тұрғыны:
Мен әкемді білмей өстім. Екі жасымда соғысқа кетіп, мерт болды. Анамыз екеуміз ел қатарлы өмір сүруге тырыстық. Еңбектендік. Бірақ дәл осы жасқа жеткенде осындай жағдайда тірлік етемін деп еш ойламаппын. Кейде өз-өзіме кейимін. Мен не істеп қойдым, қандай кінәм бар еді деп?!.
Валентина Гудина екі бөлмелі пәтерін 1976 жылы алған. Баспанаға алғаш кіргенде бәрі керемет болыпты. Ыстық-суық су, орталықтандырылған газ бен жылу желісі. Алайда кеңес өкіметі құлап, құлдырау басталғанда көшіп кеткендер көбейген. Ақыры иесіз ғимараттар біртіндеп өркениеттен де қағылады.
- Помоемся вот так вот, и наполнилась на улицу. А сейчас унитаз у нас не работает, просто стоит так.
«Судың да сұрауы барын» кейіпкерлеріміз жақсы біледі. Бірер жыл бұрын бұ жаққа арнайы машинамен тіршілік нәрі жеткізілетін. Қазір ол да жоқ. Сондықтан қариялар амалдап су тасып, жан бағуда.
- А когда дождь идет, вот этие вот трещины. Вот и дождь сюда капает, капает. Мы спасаемся золой. Она мокнет, а еще не просачивается.
Жоғарғы қабаттың сау тамтығы қалмаған. Қабырғалары түгел бұзылып, кірпіштері талан-таражға түскен. Мородерлер тіпті подъездегі баспалдақтардың өзін жұлып әкеткен. Шенділер бір кездері ғимаратты қалыпқа келтіру туралы сөз қозғаған. Кейін бұл үйдің алдындағы бес қабатты нысанды «жөндейміз» деп уәде етіпті. Бірақ құрғақ сөзден аспаған.
- Один сказал возьмет, другой сказал возьмет. Потом в прошлом году женщина какая то хотела, посмотрела, не выгодно, не стоит. Вот и все. –А вы живете здесь так... – А куда нам деваться!
Қабырғалары қақырап, төбесі құлап, шатыры шытынаған ғимаратқа қарап адам тұрады деу қиын. Төрт подъезді, үш қабатты үйде 40 пәтер болыпты. Қазір екі-ақ отбасы қалған.
- И в сапогах то не пройти. Не то что. А воде уже будет конечно мы на лодках будем плавать. Вон, видал что? Ноги не тащишь. Вот глянь, что делается?!
Бұл Ленин кентінің шығыс бөлігі. Ел ішінде «Нахаловка» деп аталатын аумақ соңғы кездері саз-балшықтан көз ашпай қалған. Бәріне биліктің салып берген «дамбасы» кінәлі,-дейді тұрғындар.
Татьяна Васильева, Ленин кентінің тұрғыны:
Олар бұл жерге саз-балшықты төкті. Кәдімгі балшық. Ол саз жолға жайылып, жүріп-тұруды қиындатты. Тіпті, жедел жәрдем шақырсақ та келмейді. Бұл аумақта 30 үй бар. Көбінде зейнеткерлер тұрады.
Ағынға тосқауыл ретінде салынған дамбаның әлегі онсыз да күрделі ахуалды ушықтырып жібергендей. Жер-жаһан жанданатын көктем мезгілі бұ жақтағылар үшін «зауалға» тең. Апат айтпай келетіні белгілі. Сондықтан бұқараның жанын шүберекке түйіп, жаратқаннан амандықты тілеуден басқа, амалы жоқ.
Кенттің тарихы 1914 жылдан басталады. Жетінші ауыл, кейін «Ленин» болып өзгерді. Павлодардың іргесіндегі елді-мекенде 10 мың адам тұрады. Алайда бейресми деректерге сүйенсек, халықтың саны 15 мыңға жуықтаған. Кент тікелей қалаға қарайды. «Қарайды» деген аты ғана екенін өздеріңіз де көріп отырсыздар. Осы кенттен шыққан рэпер Скриптониттің өңір шенеуніктеріне қиямпұрыстанып сөйлеуі сүреңсіз тіршіліктің әлі жөнделмей отырғанынан екенін аңғару қиын емес. Ол «ең болмағанда жол жөндеңдер» дейді...
Әсемгүл Мұхитқызы «Біздің уақыт».