Русский Сайттың толық нұсқасы

«Үштіктің» одағы берік пе? Жалпыұлттық ата-аналар жиналысы өтті.

  • AstanaTV
  • 19 мамыр 2018
  • 4271

Сейсенбіде жалпыұлттық ата-аналар жиналысы өтті. Білім министрі жұмыс берушілерден ата-аналарды жұмыстан ертерек босатуды сұраған, сөйтті ме, білмеймін, анығы – мектептердің басым бөлігінде акт залдары толған жоқ... Сөйтіп ап, соңғы уақытта пайда болған «әкімдік қайда қарап отыр?» деген мемдегі/уытты әзілдегі сияқты бәріне мектепті – директорды, мұғалімдерді кінәлап шығамыз, ал өзіміз «идеал ата-анамыз». Біздің уақытта баланы бұрынғыша тәрбиелей алмайтынымызды бәріміз ұғамыз. Ой да, пікір де сан алуан. Демек үштіктің – бала, ата-ана, ұстаздың Одағы керек. «Шіркін, Финляндағыдай білім жүйесі болса» деп қиялдап отыра бергеннен солай бола қалмайды ғой. Бәрінің бастауы – мектепте боямасыз ережелер қалыптастырып, жасанды идеология мен мұғалімдерді қорқытып-үркіту саясатын жою, жауапкершілік жүгін тараптардың бірге арқалауы - мүмкін еместей көрінер. Бірақ түбіне үңілсек, расында «әкімдік қайда қарап отыр?» деген уытты әзілдің астары шын – әрқайсымыз ойланып, басым көбіміз әрекеттенгенде мүмкін болатын жағдай. Тағы бір мәселе – белгілі журналист Марат Тоқашбаев айтпақшы, ата-аналар комитеті әйелдер комитетіне айналып барады. Тақырыпты Ришат Асқарбекұлы тарқатады. 

«Мектепте жиналыс болады» десе, үйінде отырып шекесі тырысатын ата-аналар бар. Алайда кей мамандар мұны ата-ананың баласына деген селқостығы емес, мектептегі жиналыстың өз деңгейінде өтпеуінен деп түсіндіреді. Ал ата-аналар жиналысы деген не?!

Роза Сексенова, Абай атындағы республикалық дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттың директоры:

Мектепті басқарудағы ата-аналар мен педагогтардың күш-жігерін біріктіру. Соңғы кезде оқу процесін цифрландыру деп жатырмыз, осыны да ата-аналарға таныстыру, қысқасы бір жылдық есеп беру десе де болады.

Он бесінші мамырда еліміздің барлық мектептерінде өткен жалпыұлттық ата-аналар жиналысы халықаралық отбасы күніне орай ұйымдастырылды. Мектептер биыл екінші жыл қатарынан ата-аналардың барлығын бір мезетте мектеп партасына отырғызуға тырысты. Әркім өз пікірін айтуға мүмкіндік алды.

Ата-аналардың пікірлері:

-ВК, Вотсап, Инстаграм, Фейсбук балаға мүлдем керек емес. Ата-ана оны түбегейлі түсінуі керек, балаға ұғындыруы керек, Телефонның тек байланыс құралы екенін ұғындыруы керек.

-Маған американская методика деп жатыр ғой, сол жері ұнамайды. Баланы өз бетімен жіберді, сонда да ойлаймын, баланы аз да болса қадағалаған қажет.

Кейбір ата-ана баласының тәлімі мен тәрбиесін мектепте артып қоятыны шын. Олардың ата-аналар жиналысына бармайтыны да рас. Ал баратын шектеулі контингентті негізінен әйелдер құрайды. 

Марат Тоқашбав, журналист:

Отбасының иесі ер-азаматтар болса, мектепте өтетін жиналыстарға көбінесе баланың аналары келеді. Негізінен ата-аналар комитеті деген әйелдер комитеті болып бара жатыр.  Ер азаматтардың бала тәрбиесінен оқшаулануы, ондай жауапкершілікті көтере бермеуі алаңдатады.

Бірақ Нұрболат Еркебаев үш баласының да жиналысына өзі баруға тырысады. Ол бұрынғыдай мұғалімнің монологіне құрылған жиналыстан гөрі, топтық жұмыс арқылы ата-аналардың бірлесе әрекет еткенін қалайды. Проблемаға байланысты мұғалімді ғана тыңдамай, ата-аналар өзара талқылап, содан қортынды шығарғаны абзал, деген пікірде. Алайда оны да жиындарға ата-аналардың көбінің қызығушылық танытпайтыны қынжылтады.

Нұрболат Еркебаев, Алматы қаласының тұрғыны:

Шақырғанда барлық ата-аналар келсе, келетін ата-аналар көп емес. 50 пайыз, одан да аз. Келетіні сол бір ата-аналар, тұрақты контингент келеді болды.

Бүгінгі таңда әлем өзгеруіне байланысты балалар мен ата-аналардың көзқарастары да өзгерді. Сондықтан мектеп пен ұстазға қойылатын талаптар да түрленіп жатыр, дейді жас ұстаздар.

Лаура Бақтыбаева, сынып жетекшісі:

Қазіргі балаларды осыдан 10 жылғы балалармен салыстыруға болмайды. Түрлі білім орталықтары бар, қосымша сабақтарға қатысады. Сол деңгейден қалып қоймай, мұғалім озық болу үшін күнделікті өзін өзі жетілдіруі керек.

Қаламқас Оспанқызы, мұғалім:

Мемлекетті құлату үшін ешқандай оқ атудың қажеті жоқ. Үш тіректі құлатса мемлекет күйрейді, соның бірі-ұстаздың статусын төмендету. Егер ұстаздың беделін баланың алдында ата-ана қаншалықты қиын болса да жоғары санаса, баласы да ұстазды жоғары бағалайды.

Тәрбие жұмысының табысты болуының басты кепілі мектеп пен ата-аналар арасындағы ынтымақтастықта, дейді мамандар. Ой-санасы дамыған, мәдениетті тұлғаны жан-жақты қалыптастыруда мұғалімнің ролі зор болғанымен, басты жауапкершілік «баласы бауыр еті» - әке-шешесінде. Ендеше, баланың басты ұстазы бәрібір ата-ана болып қала береді.

Рахиля Сәкенова, Уәлиханов атындағы  №12 мектеп-гимназиясының директоры:

Біз баларымызды тек орта деңгейде шектеуге тиісті емеспіз. Алдыға жіберуіміз керек. Біздің балаларымыздың барлығы сабақтың жасаушысы, сабақты алып шығатын, білімді танушы-бала. Бала тұлғаға айналды.

Алтынай Тұрарова, мұғалім:

Өзіңіз білесіз, қазір бала біздің ең жоғарғы иерархияға шығып кетті. Қазіргі оқу жүйесінде оқушы мен мұғалімнің  статусы бірдей. Неге? Себебі оқушы сабақтың мақсатын, проблемасын мұғаліммен бірге анықтайды. Бұрынғы мұғалімнің диктаторлық жүйесі емес, гуманистік бағытқа назар аударып бара жатырмыз.

Отбасы қандай болса, өсіп келе жатқан ұрпақ та сондай болмақ. Бала әке-шешесінің үлгісінде тәрбиеленеді. Үйінде нені көреді, өмірінде соны қайталайды. Ал ұстаз бен мектептің миссиясы баяғыдай нұсқаушы, бағыттаушы болып қала береді, дейді педагогтар. 

Ришат Асқарбекұлы «Біздің уақыт».