Русский Сайттың толық нұсқасы

Қураған ағаштан мүсін жасауға болады, шіріген үй ше? Петропавлда тағы бір апатты үйдің қабырғасы құлады.

  • AstanaTV
  • 16 маусым 2018
  • 5596

Қалауын тапса қураған ағашты да кәдеге жаратуға болады екен. Оралдық шебер Болатбек Баймағамбетов ағаш діңінен түрлі мүсінді қашап шығарады. Бұған дейін ол қалалықтарға қазақ батыры мен қазақ қызының ескерткішін тарту еткен еді. Қазір «Қансонар» деп аталатын жаңа композициясына кіріскен. Кескіні күрделі, кешенді дүние жасау көптен ойында жүрген. Түлкіні жұмарлаған қыран бүркіт, қолына садағын ұстаған аңшының мүсіні дайын тұр. Қазір композицияның соңғы бөлшегі - тазыны пішіндеп жатыр. Кейін ағаш діңіндегі зиянкестерді құртып, діңінің беріктігін арттыру үшін арнайы май сіңіріліп, лак жағылады. Болатбектің сөзінше, қураған немесе өсіп тұрған ағаштан мүсін ою Ресей мен Белоруссияда жақсы дамыған. Ал елімізде бұл өнер ағаш астау, аяқ-табақпен ғана шектеледі. Көшедегі қураған ағаштарды кесіп, тамырымен қопарып тастағаннан гөрі осындай мүсіндерді көптеп орнатса қай шаһардың да шырайы кірері анық. Болатбектің мамандығы қазақ және араб тілі пәндерінің мұғалімі.

Болатбек Баймағамбетов, мүсінші:

Терек үлкен болған сайын көп нәрсе ойлап тауып, үлкендеу бір нәрселер істеуге болады. Қиын жері - осы терекке сыйғызып, үйлестіріп жіберу. Басында бензопиламен кесіп істеймін ғой, бірақ көбіне қолмен жұмыс істеймін. Қолмен істейтін себебім, қолмен істелген жұмыс таза болады, кейбір жерлерін артық кесіп тастамайсың, артық шауып тастамайсың.

Шіріген ағаштан мүсін жасауға болар. Ал шіріген үйді тек сүріп тастау керек, ол үшін құлауын күту «жауыздық» деп есептейміз ғой. Бірақ апатты үйді сүріп тастамақ түгілі, онда тұратын адамдарды қауіпсіз жерге көшірмеу бізде қалыпты құбылыс. Жақында Солтүстік Қазақстан облысының орталығы – Петропавлдағы апатты үйлер туралы репортаж бергенбіз. Сол, қаусаған үйлердің бірінің қабырғасы құлады.

Өткен ғасырдың елуінші жылдары салынған үйлер бірінен соң бірі қирай бастады. Баспананың бір жақ қабырғасы опырылып, құрылыс материалдары жан-жаққа ұшқан. Түн ішінде. Алла сақтап, тұрғындар дін аман. Адамдар баспанадағы 8 пәтердің бесеуінде ғана тұрып келген. Қалғандары әдеттегідей мүліктерін тастап, өзге пана іздеп кеткен. Ал әкімдік қабырға құлағаннан кейін де қамсыз отырған көрінеді. Уақытша баспана 5 отбасының біреуіне ғана бұйырған.

Евгений Глотов, Петропавл қаласы әкімінің орынбасары:

Бір зейнеткерге уақытша пана ретінде пәтер бердік. Әкімдік меншігінде қазір бос баспана жоқ. Сондықтан қалған тұрғындардың проблемасы әлі шешілген жоқ. Қазір құрылыс компанияларымен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Бәлкім тұрғындарға уақытша баспананы солар беретін болар.

Қазір қабырғасы жарық үйде отырған 4 отбасының көңілі алаң. Бұқара қоныс аударуға қауқарсыз. Артық тиыны жоқ олар, қайда барады?

Наталья Емельянова, Петропавл қаласының тұрғыны:

Билік өкілдері бізді ит қылып отыр. Хабарласқан кезде ылғи бір сылтау табады. Балам екеуіміз тұрамыз. Барар жеріміз жоқ. Үйімізде ұйықтау да қорқынышты. Апаттан құрбан боламыз ба, деп қорқамыз.

Өткенде хабарлағандай, Петропавлда 19 апатты үй бар. Қазір арнайы кезекте 187 адам тұр. Ол кезек бойынша былтыр бірде-бір адам пәтер алмаған...