«Астана» телеарнасының бас директоры Л.Танысбай ҚР Президентінің сыйлығына ие болды

  • AstanaTV
  • 26 маусым 2018
  • 7533

Бүгін Ақпарат және байланыс қызметкерлері күні қарсаңында Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың БАҚ саласындағы сыйлықтары мен гранттары табысталды. Салатанатты марапаттау рәсімі дәстүр бойынша Ақордада Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен өткізілді.

Мемлекет басшысының үкімімен «Астана» телеарнасының бас директоры Ләззат Танысбай «Отандық телевизияның дамуы мен қазақстандық журналистиканың өркендеуіне қосқан үлесі үшін» мемлекет басшысының сыйлығына лайық деп танылды. Сондай-ақ БАҚ саласындағы сый-сыяпатқа «Informburo.kz» интернет-порталының бас редакторы лайық деп танылды. Президент гранты «Хабар» және «Қазақстан» ұлттық арнасының қызметкерлері Айгүл Әділова мен Мейіржан Әлібекке берілді. Мұнан өзге Президенттің алғысы «Алматы» арнасы, «Астана ақшамы» газеті «Балдырған» балалар журналының шығармашылық тобы мен қос ел арасындағы қарым-қатынасты дамытуға қосқан үлесі үшін Өзбекстан ұлттық телерадиокомпаниясына жарияланды. Лауреаттарды кәсіби мерекесімен құттықтаған Мемлекеттік хатшы медиа-нарықта бәсекелестіктің артқанына тоқталып, ол кәсіби деңгейдің жоғары болуын талап ететінін айтты.

Гүлшара Әбдіқалықова, ҚР Мемлекеттік хатшысы:

Жаһандану, ақпараттық технологиялар мен цифрландыру дәуірінде медиа саласының бәсекеге қабілетті болуы аса маңызды. Осыған орай халық пен билік арасындағы алтын көпірге айналған отандық БАҚ-тың рөлі жылдан жылға артып келеді. Журналистер қауымы Елбасының бастамасын халыққа жеткізу, азаматтық қоғамды дамыту ісіне лайықты үлес қосуда.

Ләззат Танысбай, "Астана" телеарнасының бас директоры:

"Өзгерістер заманында өмір сүру - ең үлкен қиындық" дейді, бірақ, менің ойымша, дәл осы тәуелсіздік жылдары қалыптасқан, соңғы 25-27 жылда қалыптасқан журналистердің үлкен бір буыны үшін, масс медиа өкілдерінің үлкен бір буыны үшін осындай еліміздің тарихи сәттерін өз көзімен ғана көрмей, біздің көрермендерімізге, оқырмандарымызға уақытылы, сапалы түрде жекізу - бұл журналисттер үшін, біз үшін үлкен бір бақыт. Шығармашылық, кәсіби бақыт. Сондықтан да біздің мамандық иелері өздерін бұл жағынан бақытты санайды.