Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстандық кәсіпкерлер Ресейдің мемлекеттік сатып алуларына қатыса алады

  • AstanaTV
  • 24 мамыр 2016
  • 1820

Қазақстандық кәсіпкерлер Ресей елінің мемлекеттік сатып алуларына қатыса алады. Заң жүзінде осылай болғанымен, іс жүзінде тендерді ұтуда қолбайлау бар. Бұл туралы Еуразиялық экономикалық одақтың Іскерлік кеңесінде айтылды. Ұлттық кәсіпкерлер палатасының арнайы зерттеуі бойынша, Ресей жыл сайын тендерге бюджеттен 130 миллиард АҚШ долларын бөледі. Абылай Мырзахметовтың айтуынша, қазір бұл бағытта Ресейдің шенділерімен келіссөздер жүріп жатыр. 

Абылай Мырзахметов,«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы:

Заңды түрде оған рұқсат берілген. Яғни Қазақстанның кәсіпкерлері бірдей талаппен Ресейдің кәсіпкерлерімен бірдей мемлекеттік тендерлерге қатысуға болады. Бірақ, нақты практикаға келсек, көп жерде олай болып жатқан жоқ. Сондықтан осы мәселені қолға алып, шешуіміз керек.

Бизнестегі осы және өзге де мәселелер Еуразиялық экономикалық одаққа қарасты Іскерлік кеңес төңірегінде шешімін таппақ. Ол одақ құрамындағы 5 мемлекеттің арасында сауда-экономикалық қатынастарды дамытып, түрлі саладағы ортақ жобаларды жүзеге асырмақ.

Нектар Манукова, Армения кәсіпкерлер және өнеркәсіпшілер одағының бірінші вице-президенті:

Біз ғаламдық қосымша құн қосатын тізбегін ұсынамыз. Мысалы, фармацевтикалық тауарды Арменияда өндіретін болса, оның шикізатын Қазақстаннан алсақ, бағдарламасын Беларусь елі жасаса, Қырғызстан оның қорабын өндіреді. Кейін біз ол тауарды Европа немесе Иран нарығына шығаратын боламыз. 

Берік ХАСЕНОВ