Қарағандылық кәсіпкерлер «Сауда туралы» жаңа заң қабылдауды сұрайды

  • AstanaTV
  • 24 мамыр 2016

Қарағандылық кәсіпкерлер отандық тауар өндірушілердің ісін дамытатын «Сауда туралы» жаңа заң қабылдауды сұрайды. Бұл супермаркеттердегі бағаның анағұрлым қолжетімді болуына септігін тигізбек. Ал қазір ештеңе өндірмейтін ірі сауда нүктелеріндегі үстеме баға жоғары күйінде қалып отыр. «Салдарынан қазақстандық өнім өндірушілер шығынға ұшырап, ал қарапайым халық азық-түлікті қымбатқа сатып алып жатыр», - дейді бизнесмендер.  

Серік Жолдасбаев, «Қарағанды сапа институты»  ЖШС директоры:

Сауда нүктелеріндегі үстеме баға 60 пайызға дейін жетеді. Бұл «ретробонустар», акциялар. Оның бәрі тауар өндірушілердің есебінен өтеді. Бұл отандық тауар бағасының қымбаттауына әкеліп соғады.

Кәсіпкерлер отандық өнімдерге үстеме бағаның көп қосылуы, тауардың өтімділігін баяулатуда деп дабыл қағып отыр. Олардың айтуынша, шетелдік брендтерге сұраныс көп. Ал супермаркеттер сату үшін бір, орын үшін екі, табыс үшін тағы ақша сұрап, кәсіпкерлер есебінен пайда тауып отыр. Керісінше, отандық өнім шығарушыларға еш жеңілдік жоқ. Қазақстан өнімдері қымбаттап, өтімі азайған. Кәсіпкерлер бұл сұрақтарды «заңмен реттеу керек деген пікірде.

Андрей Шмарин, «Атамекен» ҰКП аймақтық өкілдігі жеңіл өндіріс комитеті төрағасы:

Қазіргі «Сауда туралы» заңнама жүйесі супермаркеттердің тауар өндірушілермен жұмыс істейтін ережелерді өз беттерімен анықтауына мүмкіндік беріп қойған. Бірегей ереже жоқ. Ең бастысы, отандық өндірушілердің барлық супермаркеттерге жолы ашық болуы тиіс. Жаңа заң осыны қарауы тиіс.

Алайда, ірі супермаркет қожайындары сауда нүктелеріндегі бағаны заңмен реттеуге үзілді-кесілді қарсы. Олар нарық заңына мемлекетті араластырғысы келмейді.Отандық тауарлардың жоғарғы сөрелерде тұрып, көптеп сатылмауын отандық бизнестің әлі де дамымай жатқанымен түсіндіреді.

Николай АБТ, кәсіпкер:

Кешіріңіздер, супермаркеттердің жұмысын реттесек, онда бәрін реттеу керек. Онсыз да реттеліп біттік қой. Мемлекет онсыз да еш себепсіз бағаны реттеуге тырыс жатыр. Сату бағасы сұранысқа байланысты. Сұраныс көп болса, баға өседі. Азайса, арзандайды. Бұл - нарық заңы.