Қазақстан экономикасының болашағын әлемдік қаржы майталмандары талқыға салды. Елордада тоғызыншы Астана экономикалық форумы басталды. Халықаралық сарапшылар, саясаткерлер, Нобель сыйлығының иегерлері, ірі қаржы құрылымдарының басшыларының төрт көзі түгел келді. Форумның алғашқы күнінде кемі құны жарты млрд доллардан асатын бірнеше меморандумдарға қол қойылды. Айгүл Әдепбай экономикалық форумнан.
Астана экономикалық форумы биыл жаңа форматта өтіп жатыр. Тек экономика, қаржы және инвестиция салаларына қатысты мәселелер көтерілуде. Тек бүгінгі бірінші күннің өзінде халықаралық компаниялармен бірнеше меморандумға қол қойылып үлгерді. Ал жаһандық экономиканың алпауыттары Қазақстанға құрылымдық реформалардың қажеттігін баса айтумен болды. Мұнымен отандық шенеуніктер де келісіп отыр.
Қазақстанға құрылымдық реформалар ауадай қажет және оны қоғаммен келісе отырып жүргізу керек десті шетелдік сарапшылар. Кейбірі тіпті қаржылық қиындықты еңсеруде, медициналық кеңес берді.
Айхан Косе, Дүниежүзілік банкі экономикалық перспективалар тобының директоры:
Мен терапевт дәрігеріме барсам, маған өзіңіздің денсаулығыңызды күту керексіз, жаттығулар жасау керек, дұрыс тамақтанып, дұрыс ұйықтау қажет деген кеңес береді. Ал келесі жылы барсам, ол тағы да сондай кеңес айтады. Ал жаһандық экономикаға келсек, 2009 жылғы дағдарыстардан ол инфаркт алды. Оның әсері әлі тиіп жатыр. Өндірістің төмендігі әлі сауығып кеткен жоқ. Құрылымдық реформа керек. Науқас адам терапевтің айтқанын тыңдап, емделгендей, экономикада да сондай. Құрылымдық реформа жасай отырып, елдің экономикасын сауықтырып алуға болады.
Ал бұған дейін Халықаралық валюта қорының басқарушы директоры Кристин Лагард Қазақстан экономикасының биылғы өсімін 0,1 пайыз болады деп бағалаған еді. Ал Ұлттық экономика министрі оған қарағанда оптимистік көзқараста. Оған мұнай бағасының көтеріліп келе жатқаны демеу берген.
Қуандық Бишімбаев, ҚР Ұлттық экономика министрі:
Біздің министрліктің есебі бойынша биыл экономика ең төмені 0,5 пайызға өсетін болады. Ол консервативтік жоспар. Ол болжам. Ал оптимистік болжамды алатын болсақ, 1 пайыздан біздің экономика өсуі мүмкін осы жылы.
Ал форум басталғалы бірінші күннің алғашқы жартысында-ақ құны жарты млрд доллардан асатын 6 меморандумға қол қойылды. Бұл тек «KAZNEX INVEST» арқылы.
Борисбий Жангуразов, «KAZNEX INVEST» экспорт және инвестициялар ұлттық агенттігі» АҚ басқарма төрағасы:
Қазір әлемде дамып келе жатқан нарықтардан инвесторлардың кетіп жатқаны байқалады. Соған қарамастан, Қазақстан өңдеу өнеркәсібіне құйылған инвестицияның өсімін арттыра алды. Әсіресе, мұнай-химия және машина жасау салаларында өсім бар. Ал мұнай алу және сауда жағында тартылған инвестиция азайды. Бүгінгі инвестициялардың жалпы сомасы туралы нақты айту ерте. Шамамен жарты млрд доллар шамасында болады.
«UBS Global Asset management» басқарушы директоры Массимилиано Кастелли, Қазақстан қаржыларын шоғырландыру арқылы дұрыс шешім жасады, деп отыр. Дағдарыстан шығудың үш жолын да атады. Шығындарды қысқарту, қорды қолдану және қарыз алу. Ал Халықаралық валюта қорының өкілі Масуд Ахмед Қазақстанның сыртқы қарызы айтарлықтай көп емес деген жұбату айтты.
Масуд Ахмед, ХВҚ Таяу Шығыс және Орталық Азия елдері департаментінің директоры:
Қарыз деген шошитындай нәрсе емес. Қарыз керек болғанда, халықаралық қаржы қорларынан алған дұрыс. Тек оны ысырап қылмай, мақсатты жұмсай алу керек. Ал ол басқа әңгіме.
Экономистер жаңа форматтағы мұндай форум нәтижелі болады деп есептейді.
Олжас Құдайбергенов, Макроэкономикалық зерттеулер орталығының жетекшісі:
Биыл 90 пайыз темасы экономика, қаржы туралы. Бұл формат қалса, дұрыс болады деп ойлаймын. Және биыл тіркеуді ақылы түрде жасаған. Бұл жерге келетін контингенттің сапасы көтерілді. Стандартты тіркеу - 36 мың теңге, толық тіркеу - 100 мың теңге.
Негізгі пленарлық отырыс Елбасының қатысуымен ертең өтеді. Халықаралық валюта қорының басқарушы директоры Кристин Лагард пен Джек Ма, Сума Чакрабарти сынды аузын айға білеген экономистер айтпағын сол кезде айтады.
Айгүл ӘДЕПБАЙ