Шымкентте жер қатынастары бөліміне соңғы үш тәулікте 5 мыңға жуық азамат өтініш беріп үлгерген. Үй салуға жер сұраған тұрғындар аталған мекеменің алдына таңертеңнен жиналды. Халық арасында «үй салуға кезектен тыс тегін жер беріліп жатыр әрі арыз қабылдау мерзімі шектеулі» деген ақпарат тарап кеткен. Алайда жер қатынастары бөлімінің басшылығы тұрғындардың даурығуына негіз жоқ деп отыр.
Қасымбек Сайлауов, Шымкент қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы:
Қазір қалада жер беріліп жатқан жоқ. Жер беріліп жатыр екен, тегін беріліп жатыр екен деген - олардың бәрі бейресми ақпараттар. Сол үшін бұл жерде ешқандай қала тұрғындары бұл жерде ешқандай ажиотаж тудырудың қажеті жоқ. Ал енді арызды арыз өтініштерін беретінге келетін болсақ, ол азаматтар арыздың қабылдауды ешқандай шектеуі жоқ.
Жер қатынастары бөлімінің мәліметінше, дәл қазір Шымкент қаласында 65500 адам кезекте тұр. Оларды түгелдей жер телімімен қамтуға жалпы аумағы 8 мың гектар жер қажет екен. Дегенмен, қазір тұрғын үй тұрғызуға дайын жер жоқ, дейді мамандар. Өйткені алдымен инфрақұрылым тартылуы тиіс. Қазір осы бағытта жұмыстар жүргізіліп жатыр, - деді Қасымбек Сайлауов.
Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ