Теңгенің құлдырауы. Бейсенбіде айырбастау пункттерінде 380 теңгеден асып кетті. Кей сарапшылар: «Әдетте күзде теңге қатты әлсірейді, сондықтан бұл маусымдық тренд»,-деп бағалайды. Оның үстіне америка ақшасы әлемдегі барлық валютаға шаққанда күшейе түскенін келтіреді. «Бір-екі аптада осындай тербеліс сақталып, теңге қазан-қараша айларында әл жинайды»,-деген экономист Айдархан Құсайынов «Тенгриньюс» порталына берген комментарийінде. Ал теңгенің құнсыздануын Ресейге қарсы санкциялармен байланыстыруға келсек, тағы бір экономист Мағбат Спанов басты себеп ол емес деп санайды. Спанов: «Теңгенің құлдырауына Ресейге қарсы Батыс әлемі санкцияларының ықпалы бары рас, алайда бұл біздің экономиканы басқарудағы минустарды көрсетеді, бізде бәсекелестік бұзылып жатыр, шағын және орта бизнес дамитындай сала азайып кетті»,-деп проблеманың басқа да тарауларына нұсқайды. Кәспорындардың ірісінің өзі «күрсінетін» шақ.
Артур Пазылбеков, «Зерде Керамика» ЖШС-нің коммерциялық директоры:
Доллар мен еуро бағамындағы өзгеріс біздің тауардың өзіндік құнына айтарлықтай әсер етті. 7,5 процент. Теңгемен есептегенде 1 шаршы метріне 40 теңге. Біз жылына 2 млн шаршы метр плита шығаратынымызды ескерсек, жылына 80 млн теңге шығын деген сөз. Алайда қымбатшылық болды екен деп өнім құнын көтере алмаймыз. Бұл нарық. Доллардың құбылып, теңгенің әлсіреуіне қарамастан, Ақтөбеден де бір зауытты іске қосқалы отырмыз. Ол жақтағы қондырғы Италиядан алынады. 40 млн теңгеге қымбатқа түсіп отыр.
Дегенмен, Ресейге салынған санкциялардың теңгеге әсері бары бар. Америка мен Ұлыбритания Ресейді жаншу саясатын санкциялар арқылы жүргізіп отыр. Ресейдің экономикасы нашарласа, біздің экономикаға әсер ететіні рас. Бұл, әрине, Ресейдің саясаты мен идеологиясын жақтау деген емес. Мүлдем олай емес. Спанов айтпақшы, біздегі экономикалық басқарудың деңгейін көрсетеді. Дәлірегі – деңгейлемейтінін. Енді ресми биліктің түсініктемесіне келсек, Қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың пайымынша Ресейге салынған санкциялардың Қазақстанға «тікелей әсері жоқ». Бұған қоса доллар бағамының қымбаттауы республикалық бюджетке әзірге әсер етпейтінін айтқан. Биылғы бюджетте доллардың орташа бағамы 340 теңге деп есептелген, ал алғашқы жарты жылда доллар бағамы бұл межеден төмен болғандықтан, жоспарланған қаржы үнемделген. Апта басында үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев болса Ресейге қарсы санкциялар әсерінен келесі жылы елімізде инфляция деңгейі жоғарылайды деген болжам барын мәлімдеген. «2019-2020 жылдары инфляция жоғарылап, белгіленген межеден асып түсуі ықтимал. Бұл, ең алдымен, Ресейге қарсы санкциялармен байланысты болмақ. Екіншіден, ұлттық валютаның құнсыздануына байланысты»,-деген Ақышев. Сондықтан кімдікі дұрысырақ екенін теңге құнсызданғанда болатын процестерді қатты сезінетін тұрғындар жақсы біледі. Оның үстіне Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов те қараша айында Ресейге қарсы қазіргідегіден де қатаң санкциялар енсе, теңгенің қайтадан құлайтынын жасырмайды. Ол кезде көрші елдің мемелкеттік банктерінің активтері «мұздай» қатырылуы мүмкін. Сүлейменов әйтеуір бағалардың 10-20 процентке өспейтінін айтады. Және Ресейге қарсы санкциялар бойынша іс-қимыл жоспары бар дейді.
Жалпы, әлемдегі қазіргі геосаяси ахуал доллардан бас тарту сияқты үндеулерді күшейтіп отыр. Иран мен Түркияны еске түсірсек, жеткілікті. Осы аптада Алматыда өткен жиын аясында Еуразиялық даму банкінің басқарма төрағасы Андрей Бельянинов: «Еуразиялық экономикалық одақ аясында рубльді ортақ валюта ету керек, бұл идея пісіп-жетілді»,-деді біздің тілшімізге.
Андрей Бельянинов, Еуразиялық даму банкінің басқарма төрағасы:
Будет выгодно, потому что… Вот если бы этого не было, к нам бы не обращались вот казахстанские резиденты, компании, работающие на территории Казахстана, ведущие активную деятельность не только внешнеэкономическую. Они бы к нам с подобной просьбой не обращались. Возьмите доллар - не хотим, евро - не хотим. Дайте тенге, нам спокойнее. А рубль? И рубль возьмем.
Иә, «долларға балама керек» деген идея Қазақстанда да бар. Бірақ...
Досым Сәтпаев, саясаттанушы:
Маңызды тұсы бар – Қазақстан, Орталық Азияның басқа мемлекеттеріне қарағанда әлемдік экономикаға көбірек байланған. Тіпті Қырғызстанға қарағанда. Қазақстанның басты сауда серіктері Қытай да, Ресей де емес, Еуроодақ! АҚШ-қа келсек, негізгі сауда серіктесі болмаса да, инвестициялар тұрғысынан келсек, Американың мұнай-газ компаниялары еліміздің экономикасындағы ірі инвесторлар. Сондықтан, бұл мәселе жәй шеше салатын мәселе емес.
Ресейдің де, Қытайдың да өз валюталарын аймақта ортақ валюта етіп, үстемдігін әрі қарай арттыруға тырысатыны белгілі. Бірақ сыртқы саясаттағы «көп векторлы саясат тепе-теңдікті сақтауға мүмкіндік береді» деген ұстаным сыртқы саудаға да тікелей қатысты. Қатысты болуы тиіс.
Геосаясатпен астасатын осы позициның соңын бір кітап туралы әңгімемен аяқтамақпын. Washington Post басылымының редакторы, АҚШ-ғы әйгілі журналист Боб Вудвордтың "Үрей: Трамп Ақ үйде» деген кітабы жайлы. Вудворд «Уотергейт жанжалының» бүге-шігесін жарыққа шығарып, президент Никсонның отставкаға кетуіне ықпалдасқан журналист. Автор жоғары атқарушы билікте дағдарыс дегенді жеткізгісі келген. Ол қызметтегі және қызметтен кеткен жоғары лауазымды адамдардың көпшілік көрмейтін, естімейтін жағдайларда айтқандарын тізеді. Мысалы, кітапта Ақ үй аппаратының жетекшісі Джон Келлидің сөзін келтірген: «Трампты бірнәрсеге сендіру мүмкін емес. Оның ақыл есі... Біз есалаң атмосферада өмір сүріп жатырмыз». Сондай-ақ, Ақ үй шенеуніктері кейбір құжаттарды президентке көрсетпей, жасырып қоятындарын айтқан. Импульсивті, шолақ шешімнің кесапатын ойлап. Трамптың Сирия президенті туралы «Қанеки, (әрі қарай айта алмайтын сөз), оны өлтірейік!»-дегені... Кітап шыққалы жатқанда Трамп Вудвордқа телефон соғып: "Неге өзіме шықпадың? Интервью сұрағаныңды білмедім»,-деген сияқты әңгіме айтқан. Журналист оның білмедім дегені жалған екенін дәлелдеген. Және:«Мен біздің елге сенемін, ал сіз еліміздің президенті болғасын, мен сізге сәттілік тілеймін!»-деп аяқтаған.