Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры ҰБ бақылауынан алынатыны төңірегінде сарапшылар пікірі

  • AstanaTV
  • 30 қараша 2015

Президенттің жинақтаушы зейнетақы қорын Ұлттық банктің бақылауынан алып тастау жайлы бастамасын сарапшылар да қолдап отыр. Нұрсұлтан Назарбаев бүгінгі Жолдауда: "Ұлттық банктің индустриалдық кемшіліктерін жою керек. Банк өз ісімен айналыссын",- деген болатын. Елбасы пікірінің әбден жаны бар,- дейді экономика саласының білгірлері. 

Айдархан Құсайынов, экономист:

Бізде Ұлттық банктің атқаратын қызметі тым көбейіп кеткен. Басты қаржы реттеуіш монетарлық саясаттан бөлек, шаруашылық жұмыстарға да араласады. Мысалы, оның ішінде «Қазмұнайгаз» акцияларын сату, жинақ қорларын басқаруды айтуға болады. Басқару тиімділігі туралы айту ерте. Ал кім пайда әкеледі, ол компанияға байланысты. Меніңше, таңдауды шетелдік басқарушылардан гөрі отандық компанияларға берген дұрыс болады.

Меруерт Махмұтова, экономист:

Ұлттық банк қолында зейнетақы қаржысы, Ұлттық қордың да қаржысы бар. Ол инвестицияны да жолдайды, бақылауды да іске қосады. Менеджерлік позициядан қарағанда, мұны институционалдық дефект ретінде қарауға болады. Бұл дұрыс емес. Менің ойымша, алдағы уақытта біздің азаматтардың оның қолына тиетініне сенімі болуы тиіс. Сондықтан соңғы 3-4 жылда Үкіметтің іске қосып отырған шаралары сондай азаматтардың сенімінен шығып жатқан жоқ.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ