Русский Сайттың толық нұсқасы

«ТМД-дағы Арселор Миттал Теміртау» компаниясының жаңа басшысы Қазақстан металлургиясында «Жаңа Рим» құрмақшы

  • AstanaTV
  • 31 мамыр 2016
  • 1654

«ТМД-дағы Арселор Миттал Теміртау» компаниясы Қазақстанда жұмыскерлерді қайта дайындап, өндіріс көлемін ұлғайтпақ. Ол үшін кәсіпорын «Жұмыс күшін жоспарлау» атты жаңа бағдарламаны іске қосқан. Бұл жоба еш қысқартусыз өндірістегі жұмысшы тапшылығын жоюға септігін тигізбек. Осылай деген, компанияның жаңа бас директоры Парамжит Калон бүгін БАҚ-мен кездесуінде «Жаңа Рим саламыз» деп, батыл мәлімдеме жасады.

Парамжит Калон, «ТМД Арселор Миттал Теміртау» АҚ бас директоры:

Біз қазір «Жаңа Рим» салу жолындамыз. Әрине, оған уақыт қажет. Ол үшін «Жұмыс күшін жоспарлау» стратегиялық бағдарламасын жасадық. Ол ең алдымен өндірістегі жұмысшылардың санын көбейтуді көздейді.

Арселор Митталдың Қазақстандағы кәсіпорын басшылығының айтуынша, металл өндірісіне әлі 15 пайыз жұмыс күші жетіспейді. Керісінше, жөндеу, қаржы, маркетинг бөлімдеріндегі мамандарының саны көп. Жаңа басшылық бұл қызметкерлердің біразын қайта оқытып, өндіріске тартпақшы. Демек, кеңсе қызметкерлерінің біразы металлург атанады деген сөз. Парамжит Калон кешікпей мердігер кәсіпорындар алдындағы борыштарынан да құтылатынын мәлімдеді. Бұл сомма бүгінде 800 млн теңгеге жеткен. Бірақ қарызын дәл қашан төлеп құтылатынын нақтыламады.

Еске салсақ, осыдан 1 ай бұрын «Арселор Миттал Теміртау» компаниясына жөндеу, қалпына келтіру қызметтерін көрсетіп жүрген 56 кәсіпорын ақыларын ала алмай жүргенін хабарлаған болатынбыз. Соның салдарынан жүздеген адам бірнеше ай бойы жалақысыз қалған еді. 

Айжан ҚУАШ