Қызылжар астықтың 77 пайызын жинап үлгерді. Әзірге облыс бойынша орташа гектар шығымдылығы 15 центнер. Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметінің жаңадан ашылған филиалында айтылды. Биыл солтүстік өңір 4 жарым миллион гектар жерге егін еккен болатын. Мамандар қолайлы ауа райы егінді мол жинауға сеп болды деп отыр. Қазір егін жинау науқаны аяқталып қалды. Биыл да 5 миллион тонна астық жинау жоспарланған.
Айдарбек Сапаров, Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары:
Өңір диқандары жиын-терім науқанын тамыздың жиырма бірінде бастады. Бүгінде дәнді дақыл алқаптарының төрттен үш бөлігі, яғни 2,5 миллион гектары, ал майлы дақылдардың 35 пайызы жиналды. Элеваторлардың бәрі астық қабылдауға дайын. Ауа райы қолайлы болса, жақын арада егін жинау науқаны бітеді.
Аймақ диқандары бидай өсіруден басқа, мал шаруашылығын да дөңгелетіп отыр. Өңірде ет, құс, сүт өнімдерінің түр-түрі шығарылады. Соның арқасында биылдың жартыжылдығында ауыл шаруашылығы тауарларының экспорты импортқа қарағанда 8 есе артық болды. Жалпы сыртқы сауда айналымы 197 миллион долларға тең.
Абзал ҚҰРМАКИН