Қарағанды облыстық прокуратурасының мамандары ғаламтор арқылы жасөспірімдерді суицидке итермелейтін 20 сайтты анықтады. Енді оларды құзырлы мекеме сот арқылы жабуды көздеп отыр. Өйткені әлеуметтік желілерде қазақстандық жеткіншектер «өзіне өзі қол салу» тақырыбын жиі талқылайтыны анықталған. Алайда, қадағалаушы орган жаңа ұқсас сайттардың қайта ашылуы мүмкіндігін ескертіп, ата-аналарды сақтыққа шақырады.
Жуықта кездейсоқ түсірілген мына кадрлар елді дүр сілкіндірді. 13 жасар екі қыз Астананың көп қабатты үйлерінің бірінен қол ұстасып секіріп кетті. Тізе берсең, мұндай оқиғалар аз емес. Жасөспірімдердің өмірден неге ерте безінетінін ешкім дөп басып айта алмайды. Прокурорлардың пайымынша, балалардың суицид жасауына арнайы сайттар әсер еткен болуы әбден мүмкін.
Әсел Сәлімова, Қарағанды қалалық прокуратурасының бөлім прокуроры:
Ғаламтордағы әлеуметтік сайттарда, адамдардың тамырларын қиған, биіктен секірген фото-видеоларын жариялайтындары бар. Сондай-ақ, «өз өмірін қиғандар» мен күйзеліске ұшырағандар туралы фильмдерге сілтеме жасайды. Біз ондай сайттарға қатаң бақылау жасаймыз.
Суицидологтар: "Балаларды тығырыққа тірейтін бірнеше фактор бар", - дейді. Расында да, мәскеулік оқушылар мына роликте жан-дүниелерін ақтарыпты. Отбасындағы кикілжің мен проблемалар, қатарластарымен тіл табыса алмау, оқудағы сәтсіздік - өмірлік тәжірибесі жоқ жасөспірімдер үшін үлкен соққы болған. Мамандар баланың қандай сайттарға кіретінін ата-аналарға бақылауға кеңес береді.
Светлана Бякова, психо-неврологиялық диспансердің балалар суицидологы:
Біз өз пәтерімізді күн сайын жинайтынымыз секілді, жан-дүниемізге де үңіліп, тазартып отыруымыз қажет. Баланың жаны жаралана берсе, оған ешкім мән бермесе, ол ушығады. Ал сайттар жасөспірімдердің осы күйін пайдаланады.
Бекболат Қосмағамбетов, Қарағанды облыстық орталық мешітінің найб-имамы:
Қашан олар өз-өзіне қол жұмсай бастайды? 14-15 жасқа келгенде үлкен өмірдің әсерін ала бастайды ғой, сол кезде көтере алмай балалар өз-өзіне қол жұмсауы мүмкін. Ата-аналар оған дейін балаға бәрін ашық түсіндіріп қою керек. Құран Кәрімде «сендер өздеріңді өлімге итермелемеңдер» деген.
Прокурорлар суицидті дәріптеген сайттарды көп кешікпей сот арқылы жабуды көздеп отыр. Қазір аймақта суицидтің алдын алу үшін прокурорлар, мұғалімдер мен психологтардан жасақталған шағын топтар құрылған.
Айжан Қуаш, тілші:
Мәселеге қатты алаңдаған мобильді топ қайғылы жайттардың алдын алу үшін оқушылармен жұмыс істемекші. Егер сіз балаңыздың ондай сайттарда отырғанын білсеңіз, дереу прокуратураға арызданыңыз. Әйтпесе, тым кеш болуы мүмкін.
Айжан ҚУАШ