Алматы облысы Ащыбұлақ ауылының тұрғыны Елжан Жұмаділ есік алдынан азық сақтайтын жерқойма қазып жатып, адамның бас сүйегін тапқан. Алғашында ол жерден көне қыш ыдыстар шыққан. Ал екінші күні екі метр тереңдіктен адамның бас сүйегін тауып алады. Іле-шала тиісті органдарға хабарлапты. Тіпті археологтарға да қоңырау шалған. Олар, зерттеу жұмыстарынан оралғанша, көмбені қайта жауып қоюға кеңес берген. Үй иесінің айтуынша, бұндай жағдай ауылдарында алғаш рет тіркеліп отыр.
Елжан Жұмаділ, Алматы облысы Ащыбұлақ ауылының тұрғыны:
Участковый келген кезде, біз адам сүйегін алып кетеміз деді. Моргке алып кетеміз эксгумация жасаймыз деп. Сосын барып белгілі болады деді. Біз бермейміз дедік. Өзіміз интернеттен қарадық. Сәйкес келгені үйсіндерге сәйкес келеді. Олардың басы солтүстік-батысқа қарап жерленген. Қастарында ыдыстар, қолданған заттары бірге жерленген болған.
Айгүл ЕРМАХАН