Русский Сайттың толық нұсқасы

Атыраулық тазалық мекемесі Қайрат Нұртастың концертін ұйымдастырушыларды сотқа берді

  • AstanaTV
  • 09 шілде 2015
  • 1994

Атырауда Қайрат Нұртастың концертін ұйымдастырушылардың басы бәлеге қалатын түрі бар. Қаланы тазалықпен қамтитын «Арнаулы автобаза» коммуналдық мекемесі, концерт жарнамаларын аялдамаларға рұқсатсыз жапсырғаны үшін, жеке кәсіпкерлікті сотқа берді. 

Сәкен Жекебаев, «Арнаулы автобаза» КМК директорының орынбасары:

Қазіргі уақытта Қайрат Нұртас концертінің жарнамасын жапсыру дерегі бойынша «Show service» жеке кәсіпкерлігіне қатысты іс экономикалық сотта қаралуда. 24 аялдама павильоны бүлінді. Шығын көлемі - 1 млн 70 мың теңге. Біз облыстық ауданаралық экономикалық сот арқылы өндіргіміз келеді. Менің ойымша, жарнамалар эпоксидтік желімдермен жапсырылған. Әйнекке жаққан кезде қанша химиялық тазалық заттармен сүртсе де, кетпейді. Бәрібір ізі қалып қояды. Тіпті әйнекті алмастыруға тура келеді.

Айта кетейік, Қайрат Нұртас пен Серік Ибрагимовтің «Екі жұлдыз» атты концерті Атырауда 30 маусымда аншлагпен өткен еді. Жұлдыздар кеткенімен, аялдамаларда, бағандарда, ғимарат қоршаулары, тіпті көп қабатты үйлердің қабырғаларында да афишалар әлі тұр. Тазалықшылар желімнің мықтылығынан қаланың көркін бұзған жарнамаларды алып тастау қиын,- дейді. «Арнаулы автобаза» мекемесі басшылығының айтуынша, мекеме балансындағы аялдамаларда тек автобустардың кестесі ғана ілініп тұруы тиіс. Шаһарда жарнама ілетін арнайы орындар бар. Сондықтан жергілікті мәдени ошақтарға концерт ұйымдастырушылармен келіссөз жүргізген кезде осы жайтты ескертуді қатаң талап етіп отыр. Ал «қос жұлдыздың» концертін ұйымдастырып, басы дауға қалған жеке кәсіпкерліктің үстінен сотқа талап арыз берілгенін білмейтін боп шықты. Бірақ біздің тілшілерімізге қандай да бір түсінік беруден бас тартты.

Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ