Алматыдағы балалар ауруханасының қоршауын жергілікті тұрғындар зілбалғамен сындырмақ болды. Тастыбұлақ ауылы тұрғындарының медициналық мекеме басшылығына өкпелері қара қазандай. «Ақсай» ауруханасының жетекшісі ғимаратқа тиесілі жерді қоршап, маңайдағы жұрттың үйреншікті жолын бөгеп тастады дейді. Қолайсыздыққа тап болған тұрғындар талай табалдырықты тоздырып шағымданса да, нәтиже болмағанын айтады. «Сондықтан күш жұмсауға тура келді», - деп ақталды.
Биғайша Қаншекенова, Тастыбұлақ ауылының тұрғыны:
Қаншама адам бала-шағасынан қорқады, өтуге. Ұзақ айналамыз тығылып, балаларды ойламайды. Қаншама рет айттық бүкіл халық. Бұл жердің сызбасының бәрі бар. Бұларға екі жыл болды біздің үстімізден, біздің алғанымызға 8 жыл болды. Қазір олар біздікі дұрыс дейді. Осының бәрін шешсін, халықтың жағдайын ойласын.
Ашынған бұқара сауалына аурухананың бас дәрігері Ирина Брежнева жауап берді. Оның айтуынша, ортақ талапқа сәйкес медициналық орталық қоршалуы тиіс. Себебі балалар қауіпсіз жерде ем алуы керек. Осыған байланысты мекеме басшылығы «тас дуалды алмаймыз» деп қадап айтты.
Ирина Брежнева, «Ақсай» университетті клиникалық клиникасының бас дәрігері:
Жердің арнайы құжаты бар. Бәрі заңды түрде іске асырылған. Бізге емделушілер республиканың түкпір- түкпірінен келгендіктен, біз олардың қауіпсіздігіне жауап береміз. Келушілердің көбі - мүмкіндігі шектеулі жандар. Олардың басым бөлігі сөйлей алмайды. Бұл біздің жер. Ол міндетті түрде қоршалуы керек.
Абзал ҚҰРМАНКИН