Шығыс Қазақстан облысы Ақтоғай тау-кен байыту комбинатының жұмысшылары арасындаға жаппай төбелестің себебі анықталды. Белгілі болғандай, жаға жыртысуға түскі астың сапасы мен порцияның аздығы түрткі болыпты. Бұл ақпаратты облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі таратты.
Еске салсақ, кеше түскі ас кезінде KAZ Minerals компаниясының жұмысшылары арасында жанжал туған. Мердігер-құрылысшыларға арналған уақытша вахталық қалашықтың асханасында қытайлық жұмысшылар бас көтеріпті. Астың сапасына және бір кісіге арналған тағамның көлеміне көңілдері толмаған көрінеді. Бұған жауап ретінде аспаздар, кәсіпорын жұмысшыларының көп болуына орай, порция көлемін ұлғайта алмайтындарын жеткізген. Артынша қытайлық жұмысшылар шу шығарады. Күзетшілер оларды тәртіпке келтірмек болды. Осы кезде араларында жаппай төбелес орын алған. Салдарынан 31 адам, олардың ішінде Қытай және Қазақстан азаматтары зардап шеккен. Оларды Аягөз және Өскемен қалалары ауруханаларына жеткізді.
Юрий Старокожев, Өскемен қалалық №1 аурухана бас дәрігері:
Барлық науқастарымыздың жағдайлары қалыпты. Көбін қазір ауруханадан шығармақпыз. Кеше білікті мамандардан құрылған жедел жәрдем көрсету бригадасы жұмыс істеді. Көбінде бас, ми жарақаты кезінде болатын қалыпты жаралар. Оларды кеше шамамен сағат 9 жеткізді. 20 кісі - Қытай азаматы. Бастапқыда тілмаш таба алмай, қиналдық.
Айта өтейік, оқыс оқиға орнына өңір басшысы Даниал Ахметов пен Ішкі істер департаментінің басшысы да дереу жетті. Мән-жайды анықтау үшін тиісті органдардың өкілдерінен шұғыл штаб жасақталған.Үкімет те бүгін Ақтоғай стансасындағы жаппай төбелес дерегі бойынша шұғыл жиналыс өткізді. Қазір жағдай бақылауға алынып, жұмыс қалыпты жағдайда жалғасуда. KAZ Minerals компаниясы болса, оқиғаның себептерін мұқият тексеріп, анықтауға мүдделі екенін жеткізді.
KAZ Minerals Тобы оқиғаның себептерін мұқият тексеріп, анықтауға және кен байыту кешенінің құрылысында жұмыс істеп жатқан адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, оқиғаның салдарын барынша тез жоюға мүдделі.
Ләйлә ҚАЗИЯҚПАРОВА