Ертеңнен бастап сертификаты жоқ Қазақстан автодилерлерінің көлiктерi тіркеуге тұрғызылмайды. Бұл туралы бүгiн Инвестициялар және даму министрлiгi Машина жасау басқармасының бастығы Серiк Рахымов мәлiмдеді.
Министрліктің күшіне енген бұйрығына сәйкес бұл ереже Еуразиялық экономикалық одақ елдерiнен әкелiнетiн жеңiл, жүк көлiктерiне және автобустарға қатысты екенiн айта кеткен жөн. Десек те, сертификатты алу қиынға соқпайды екен. Оны алуға тек үш құжат керек және бас-аяғы 15 күн күту қажет. Бастысы барлығы тегін.
Серiк Рахымов, ҚР Инвестициялар және даму министрлiгi Машина жасау басқармасының бастығы:
Бұл бұйрық қарапайым тұтынушыға әсер етпейдi. Егер жеке тұлға сатып аламын десе, оған ешкiм тоқтау сала алмайды. Олар кез келген мемлекеттен, оның ішінде Ресей мен Белоруссиядан, жаңа көлiк сатып алып, біздің елге алып келуіне шектеу жоқ.
Берік ХАСЕНОВ