Алматыда жабайы сауданы жою мүмкін болмай тұр. Жергілікті әкімдік ірі базарлардың жанына шоғырланған ұсақ сауда орындарымен күресе жүріп, оларды азайтқан еді. Алайда саудагерлер енді шағын аудандарға ауыз салған. Ескі-құсқы киімдер мен әбден тозығы жеткен тұрмыстық заттардан арыла алмай дал болған жергілікті тұрғындар арнамыздан көмек сұрай келді.
Надежда Лионова Полетаев пен Үштөбе көшесінің қиылысында тұрады. «Сенбі-жексенбіде елдің тыныштығы қашады», - дейді ол. Таңғы сағат 6-дан бастап үй маңына жиналатын саударгерлер бұл жерді жайма базарға айналдырып, кешкісін айнала қоқысқа толады.
Надежда Лионова, Алматы қаласының тұрғыны:
Үйімізге қонақ келуден қалды. Киім сатқанды қойып, тағам сатуға көшті. Шұжық, шай дейсіз бе - барлығын сатады. Қуып тастасаң, қайта айналып келе береді. Не істерімізді білмейміз.
Саудагерлер тақыр жерге газет төсеп, оның үстіне ескі киімдерді жайып тастаған. Негізінен «Орбита», «Қазақфильм» шағын аудандарынан келетін олар мұның заңсыз екенін біле тұра істерін жалғастыруда. «Жұмыс жоқ, сондықтын осындай іске барып отырмыз»,- дейді.
Рахима Қажыкенова, саудагер:
Басқа жұмыс жоқ, жастарға жұмыс жоқ. Кризис елде, нанымызға таба алмай жатырмыз, баларымыз сонда ұрлау керек пе? 3 мың, 2 мың табамын, кейде ештеңе таппаймын.
Айгүл Ермахан, тілші:
Жергілікті тұрғындардың шағымданатын жөні бар. Саудагерлер күні бойы жабайы сауданың көркін қыздырып, тиын-тебенін тапты, ал кешкісін күндіз ішіп-жеген тағамдарының қалдықтарын тастады да жүре барды. Өздеріңіз көріп тұрғандай, мына сусындардың қалдықтары мен бума-бума целлофандар жел тұра қалса, атойлап аспанға ұшады. Қоқыс тек осы жерді емес, төңіректі де ластауда.
Жайма базарды түп тамырымен жоюға жергілікті әкімдіктің шамасы келер емес. Құқық қорғау органы өкілдері заң шеңберінде ескерту жасайды. Екінші рет қайталанған жағдайда, жабайы саудамен айналысқандар әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
Өмірғали Тоқсанбаев, Алматы қаласы Медеу аудандық табиғатты қорғау полициясының инспекторы:
Жабайы саудаға қала әкімінің арнайы тапсырмасы бар, жабайы сауда қаланың сыртына қарай көшіп, қаланың көркін бұзады, қоқыс қылады, мына жерде сол мақсатта тексеру жүргізіліп жатыр.
Әсет Жадаев, Алматы қаласы Медеу ауданы әкімшілігі кәсіпкерлік бөлімінің жетекшісі:
Жетісу базарында Кульджинкадағы солардың басшыларымен біз сөйлестік. Олармен келістік. Мына жерде жабайы саудамен айналысатын кісілерге сол жақтан орын бөлінеді. Арендасы төленбейді. Алғашқыда аренда төленбейді.
Бірақ саудагерлер жұмысын тоқтатпақ емес. Айтуларынша, жаңадан салынып жатқан сауда орталықтарынан берілетін орын қала сыртында. Саудамыз тоқтап қалады деп, алаңдаған олар бизнестерін осында жалғастыра бермек.
Айгүл ЕРМАХАН