Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматыда екі қызын терезеден лақтырған әйел есі ауысқан деп танылды

  • AstanaTV
  • 05 қараша 2015
  • 1718

Алматыда екі қызын терезеден лақтырып, артынан өзі секірген Жадыра Құлмамырова есі ауысқан деп танылды. Енді ол жүйке ауруларын емдейтін арнайы ауруханаға жатқызылады. Бостандық ауданының прокуроры Бауыржан Жұмақанов БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында осылай деп мәлімдеді.

Жадыра Құлмамыроваға қатысты қолданылған бұлтартпау шарасы өзгертілетін болады. Қазір тиісті құжаттар әзірленіп жатыр. Сот-психиатриялық сараптаманың қорытындысына сәйкес әйелдің есі ауысқан және оның сырқат екені ескеріле отырып, жаза тағайындалады.

Бауыржан Жұмақанов, Алматы қаласы Бостандық ауданының прокуроры:

Осындай ауыр деңгейдегі, дәрежедегі психиатриялық ауруға шалдығуына байланысты, оны әр қарата мәжбүрлеп емдеп, қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында арнайы түрдегі психиатриялық ауруханаға орналастыру мәселесі бүгінгі таңда қарастырылуда.

Еске салайық, қайғылы оқиға қыркүйектің 5-і күні Алматыдағы Сәтбаев пен Бауман көшелерінің қиылысындағы тұрғын үйлердің бірінде болған. 33 жастағы әйел кәмелет жасына толмаған екі қызын 5-ші қабаттағы пәтердің терезесінен лақтырып, артынша өзі де секірген еді. 8 жастағы қыз бала оқиға орнында көз жұмса, бір жарым жасар сәби ауруханада емделіп шыққан болатын.

Самат ҚАНАҒАТОВ