Теміртау қаласының тарихи-өлкетану мұражайында тұрғындар әкеліп тапсырған көне экспонаттардың көрмесі өтті. Жәдігерлерді олар мұражайдың туған күніне сыйлаған. Көне бұйымдар металлургтер шаһарынан бөлек, Қазақстан тарихынан сыр шертеді. Қор сақтаушылары тосын сыйларын тұңғыш рет көпшіліктің назарына ұсынды.
"Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейді". Мұндағы көне жәдігерлер қолданыстан әлдеқашан шығып қалғанымен, өткенді баяндап, тарихқа жетелейді. Көбісі соғыстан кейінгі қиын қыстау кезеңде пайдаланылған заттар.
Мына құрал сонау қуғын-сүргін заманынан сыр шертеді. Оны неміс ұлтының өкілі қазақтың әжесіне сыйлаған екен. Ал кейуана болса, осы аспаппен тартылған маймен бүкіл бір көше тұрғындарының балаларын асыраған деседі.
Жер аударылған өзге ұлт өкілінің бауырмал қазаққа берген тартуы, араға жарты ғасыр салып, Теміртау мұражайына жеткізілген. Әжесінен қалған естелік - сары май шайқағышты Қаражар ауылының тұрғыны тапсырды. Көрмеде одан басқа жауынгер контейнері, жіп орағыш, алғашқы металлургтің етігі, қапшық-қораптар мен ыдыс-аяқтар бар. Көне заттар аға буын өкілдерінің көзіне оттай басылды. Білтесіз от жаққыш - примусты көрген қариялар жастық шақтарын еске түсірді.
Виктор Пушкарев:
Примусты балық аулауға ала шығатынбыз. Басқышын басып, отты тұтандырасың. 20 минутта балық сорпасы дайын, керемет болатын.
Келушілердің қолдарына қолғап кигізілген. Осылайша қор сақтаушылар олардың жәдігерлерді зерттеуіне де мүмкіндік берді. Қариялар әрбір көне затты бірден танып жатса, жас буын жәдігердің атауын таба алмай бас қатырды.
Екатерина Абдулхайзова:
Мына жаңғақ шаққышты көріп таң қалдым. Өзі ап-ауыр, кәдімгідей күш керек екен. Мүмкін, әжем қолданған шығар. Қазір бізде блендер, асхана комбайны бар. Әрине, қариялар жастық шықтарын еске алып жатыр, біз үшін бұл жаңалық, дүниетанымымызды кеңейттік.
Лейла Әлекеева, Теміртау қалалық тарихи-өлкетану мұражайының қор сақтаушысы:
Көрменің ерекшелігі адамдар өз миын қайта жүктейді. Дәрігер, суретші, мұғалім болсын. Мұражай қызметкері секілді жәдігерлермен жұмыс істейді. Жәдігер құжатымен жұмыс істейді.
Балалар болса, көне бас киім үлгілерімен танысты. Қызыққандары сонша, бірінен соң бірін киіп көріп мәз-мейрам.
Дариға Назарбаева:
Түрі әдемі. Қазір ондай жоқ. Мен бір бұрынғы заманға тап болғандай сезіндім.
Металлургтер шаһарындағы ерекше көрме жаңа жылға дейін жалғаспақ. Азаматтардың белсенділігі арқасында бүгінде мұражайдағы жәдігерлер саны 22 мыңға жеткен.
Айжан ҚУАШ