Русский Сайттың толық нұсқасы

Бидай өңдеушілер одағы басшылығы «әлеуметтік нан бағасын нарықтық реттеуге жіберу нан өндірісін алға жетелейді» деген пікірде

  • AstanaTV
  • 06 қараша 2015
  • 1671

«Әлеуметтік нан бағасын нарықтық реттеуге жіберу нан өндірісін алға жетелейді. Бұл наубайханалардың жұмысын экономикалық жағынан тиімді ете түспек». Қазақстандық бидай өңдеушілер қауымдастығының өкілдері осындай пікірде.

Әлеуметтік нан бағасы тұрақты болу үшін, бүгінге дейін мемлекет субсидия беріп келді. Бірақ мұның нәтижесі шамалы,- деп санайды бидай өңдеушілер одағының президенті Евгений Ган. Ол нан бағасын ұстап отырғанша, әлеуметтік жағынан аз қамтылған топтарға төлем жасау механизмін қарастырса, тиімді болады деген ойда. Бүгінде дүкен сөрелеріндегі нанның түрлері айтарлықтай көп емес. Маманның пікірінше, нан өндірісінің дамымай отырғанын осыдан-ақ байқауға болады. Одақ президентінің сөзінше, нан бағасын нарықтың өзі реттесе, салаға инвестиция құйылып, бөлке нан бұрынғыдан дәмді бола түспек. 

Евгений Ган, Қазақстан бидай өңдеушілер одағының президенті:

Бірнеше жыл бұрын бір жиында әлеуметтік нанның бағасымен емес, кедейлікпен күресу керек деген ой айтылған-ды. Көмекті тұрмысы төмен топқа көрсету керек. Ал бүгінгі механизм барлығына жаппай жәрдем беру болып тұр. Біз әлеуметтік нан мен арзан нанды шатастырып алдық. Нарықтық экономика жағдайында әлеуметтік нан емес, әлеуметтік пакет болуы тиіс.

Еске салайық, өткен аптада Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі, жаңа жылдан бастап әлеуметтік нан бағасы еркін реттелуге көшеді деп, мәлімдеме таратты. Мұндай шешімді арнайы мемлекеттік комиссия қабылдаған көрінеді. Алайда министрліктегілер нан бағасы нарықпен реттелген жағдайда, бір бөлке нанның бағасы қанша болатынын нақты айтпады.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ