Депутаттар Ұлттық банк төрағасы екінші деңгейлі банктердің мүддесін қорғап бағады деген пікірде

  • AstanaTV
  • 01 маусым 2016

Депутаттар Ұлттық банк төрағасы екінші деңгейлі банктердің мүддесін қорғап бағады деген пікірде. Бүгін Данияр Ақышев «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» заң жобасын таныстыруға Мәжіліске келген. Халық қалаулылары төлем карталарын қолданған халыққа ешқандай жеңілдік жасалып жатпағанын айтып сынады. Бірақ бас қаржыгер лоббиді жоққа шығарды.

Мұхтар Тінікеев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» фракциясының мүшесі:

Ұлттық банк - елдің басты банкі. Сіздер екінші деңгейлі банктердің мүддесін қорғап, қамқорлық жасап отырсыздар. Сіз жоғарғы заң шығарушы органға халыққа қарсы заң жобаларын әкелесіз. Мәселен, исламдық қаржыландыру туралы, сақтандыру туралы, коллекторлық қызмет туралы заң жобаларын алайық. Олар халыққа да, заңды тұлғаларға да керек емес. Ал қазір төлемдер туралы заң жобасын енгізіп отырсыздар. Ол халыққа қалай көмектеседі? Төлем карталарын қолданғанда, транзакциялар үшін ұсталатын пайыздық үстемақылар қаншаға төмендейді?

Данияр Ақышев, ҚР Ұлттық банк төрағасы:

Заңды тұлғалар бір банктен екінші банкке ақшасын аударғанда төлейтін транзакциялар бар. Ол транзакцияларды банктер өздері орнатады. Бұл бәсекелестік ортаның сұрағы. Осы заң жобасында да бәсекелестік туралы заңда да банкаралық транзакциялардың тарифін бекітетіндей мүмкіндік жоқ. Егер бір ғана банк болса, онда тариф белгілер едік. Ұлттық банкте тарифті төмендетуге тікелей мүмкіндік жоқ. 

Бас банкирдің айтуынша, болашақта Қазақстанда өзінің ұлттық төлем жүйесі мен ұлттық төлем карталары пайда болуы мүмкін. Бүгін мақұлданған заң жобасында төлем қызметтерін жасау арқылы заң бұзғандарға әкімшілік жауапкершілік қаралған. Төлем ұйымдарына қаржы мониторингі жүргізіледі. Ең бастысы, Ұлттық банктің құзыреті белгіленетін болады. 

Ұлттық банк төрағасы коллекторлар мен төлем терминалдары жұмысының реттеле қоймағанын жасырмайды. Олардан қанша ақша өтіп жатқаны туралы статистиканың жоқтығын да мойындады. Сонымен қатар Данияр Ақышев "Астана" телеарнасының журналистеріне бір жыл ішінде қазақ тілін үйренуге уәде берді. 

Данияр Ақышев, ҚР Ұлттық банк төрағасы:

Өте дұрыс сұрақ. Келесі жылы. 


Айгүл ӘДЕПБАЙ