Русский Сайттың толық нұсқасы

Киіктер бір мезетте түгел қырылып қалуы мүмкін

  • AstanaTV
  • 07 қараша 2015
  • 2413

Киіктер бір мезетте түгел қырылып қалуы мүмкін. Мұндай трагедия бұрын да болған, мәселен, Қытайда даланы кезген киіктер түгел құрып біткен. Қытайлар енді арнайы питомниктерде өсіреді. Батыс қазақстандық ғалымдар болуы мүмкін сұмдықтың алдын-алу мақсатында - бөкендерді әбден зерттеу үшін мысалы, киіктер биыл жүз мыңдап қырылған, себебін әлі тапқан жоқ, питомник ашқан. Жабылып қалатын сияқты. Дағдарыс дегеннің тек әлеуметті ғана емес, тірінің бәрін тентіретіп жіберетіні жаман...

 Киікке келіп, әуелі біз таңғалдық: далада киік, қалай болады, қалай ұсталады деп. Түсінген жоқпыз, барып көрейік деп...

Кішкентай кезінен МАЛЫШпен өсірдік, туғыздық, басына бас лақ алдық. Алты ұрғашының алтауы да туды аман-есен. Екеуін туғызып алдық, туа алмағасын қолмен суырып алдық. Қаладан доғдырлар келіп, соны үркітпей ұстап, көмектесіп, солай қолымызбен туғыздық енді.

 Желмен жарысқан жануарлар ерлі-зайыпты Серік пен Розаның балалары секілді. Жем-су беретін кезді асыға күтеді. Сосын аумағы ат шаптырым тәлімбақты тынымсыз кезеді. Мемлекеттік шекараны мойындай бермейтін жануарлар үшін бұл жер тарлық етсе керек, кейбірі қоршаудағы ғұмырын қорашсынып, өліп те қалған. Дегенмен, адамдарға еті үйренген мұндағы 14 бас киіктің алды төлдеп үлгірген. Көзін ашқалы көргені адамдар болса да, түз жануары екіаяқтыларды әлі де жатырқайды.

Еркін Карин, тілші:

Ен даланы еркін жайлаған киік малы әдетте үріккіш келеді. Тіпті адам баласын алыстан көрген кезден бастап, қаша бастайды. Дегенмен, үйірсек болса керек. бірен-сараны жақындап келді. Бақташылардың ескерткені, киіктер мұндай жерге жақындап келгенде бірден шалт қимылдауға, қозғалуға болмайды. Өйткені, тез үркіп кетеді екен.

Бізге тым үйірсектеген мына жануарды бақташылар «ҚЫЗҒАЛДАҚ» деп атапты. Мамандардың сөзінше, келер жылы егіз лақтауы тиіс. Бір қызығы, киіктер өз төлінің жынысын өздері реттейді екен. Егер текелері азайса, сол жылы үйірде тек еркек лақтар туылады.

Тәлімбақта жазда аптап ыстықтан, қыста үскірік аяздан қорғайтын қора жоқ, барлығы да табиғи, далалық жағдайда. Бірақ бақты айналдыра электр тогы жүргізіліпті. Өйткені, қысы-жазы ит-құс жиі мазалайды. Тіпті торға сүйкенген сиырдың өзі стреске түсіруі мүмкін.

Серік Үмбетқалиев , тәлімбақ қызметкері:

Ұстап, емдейін, нетейін десең, ұстау өте қиын. Сеткімен әрең ұстаймыз. Онда да қорқасың, травма алып қала ма, бір жерін сындырып ала ма деп қорқамыз. Сондықтан, қауіптеніп, не де болса абайлап ұстауға тырысамыз. Найзағай ойнайды ғой, сол кезде анау бұрылғанда екпінімен барып, мына жерінен аяғы шорт сынып кетті. Үш рет жасадық аяғына гипсті. Үшіншіде укол беріп, уколы тарағанша біздер жасап үлгірдік. Нормально болды, түзелді қазір аяғы.

Киіктің сыртқы түрі қойға ұқсайды. Бірақ қой сияқты момын емес, бауырындағысын басқаға бермейтін мінезі бар.

Еркін Карин, тілші:

Бала кезімізде батырлар жырынан, бертін келе гладиаторлар туралы фильмдерден көрген мынадай қалқандар қазір де кәдеге жарап тұр. Өйткені, киіктің текесі өзіне қарасты аумаққа жақындаған бөтен жанды жолатпайтын көрінеді. Тіпті айбат шегіп, кей кездері осы тәлімбақтың қызметкерлерін мүйізімен сүзіп, жарақаттайтын көрінеді. Осыдан кейін бақ қызметкерлері киіктен қорғаны мақсатында мынадай қалқанды жасап шығарған. Әсіресе бұл қалған киіктің текесіне тамақ берген кезде қолданылады екен.

 Серік Үмбетқалиев , тәлімбақ қызметкері:

Теке жақындатпайды, ертең ана көтерілген уақытында вапше жақындатпайды. Қарсы шабады кісіге. Маған кәдімгі случайлар болды, анау воротаны бұзып шықты есігінен. Тіке шапты маған. Мен сасқанымнан мүйізіне жармастым. Иа, әрең деп хозяйкама айқайладым, аш, аш, есікті аш деп. Анау басын көтергізейін десем, сүзіп жарайын деп тұр енді. Сосын осы хозяйкам көрді ғой, әрең кіргіздім ішке. Мына осы красавчикті.

Ақбөкендердің тағдыры қазаққа ұқсас. Есте жоқ ескі замандардан бері құрып кете жаздап, әупірімдеп аман келеді. Кеңес Одағы кезінде еті мен мүйізіне сұраныс артқан киіктер 50 есеге дейін азайды. Сол жылдары елімізде 5,5 миллион киік ауланып, ет пен мүйіз тонналап өндірілген. Кейін ҚЫЗЫЛ КІТАПҚА енгізіліп, оларды аулауға тыйым салынды. Бұл тыйым 2030-жылы өз күшін жояды, онда да киік саны 500 мыңға жеткен кезде ғана.

Бибігүл Сәрсенова, тәлімбақ жетекшісі:

Жалпы киікті қолда ұстауға болады екен. Қазіргі жағдайда Қазақстанға қажет нәрсе тәлімбақта ұстаған киіктерге зерттеу жүргізу. Ауыл шаруашылығы малдарында кездесетін бірнеше аурулар байқалды. Оларды емделіп, жазылды бір-екі жануарымыз.

Қайсар Кушалиев, ғалым:

Киіктеріміз ауырып қалып, біреуінің іші өтті. Біреуі бронх пневмонии деген, өздеріңіз білетін ауру бар, өкпенің қабылуын, сондай-сондай әртүрлі инвазиялық аурулар... мониезиоз деген бар, стронгилятоз деген аурулар бар. Соларды дәрі-дәрмекпен алдын-ала біздер осы киіктерге беріп, әртүрлі мына құрттар болсын, соларды осы киіктен түсіріп, сосын оларға дәрі беріп, профилактика емдеу біздер жүргіздік.

Тәлімбақты ашудағы мақсат – киіктерді тереңірек зерттеу болатын. Өйткені, ғалымдар бөкендердің бір мезетте түгел қырылып қалуы мүмкін деп отыр. Жалпы киіктердің жаппай қырылуы 1981, 1984, 1988 жылдары тіркелді. Араға уақыт салып, 2010-жылы Батыс Қазақстанда баудай түскен бөкендер қырғыны биыл да жалғасты. Дегенмен, Орал өңіріндегі киіктер саны биыл 50 мыңнан асқан. Ал ақтөбелік әріптестерімен біріккен оралдық ғалымдар киіктер қырғынына пастереллез себеп болды дегенмен келіспейді.

Қайсар Кушалиев, ғалым:

Инфекциялық энтеротоксимия деген ауру қойдық. Ол енді қазақша айтқанда, бүйректің іріп-шіріп кетуі, ол мына қоздырғыштарға... кластридиум перфридиум деген қоздырғышы бар, бүкіл бүйректі ірітіп жібереді. Май айында жаңбыр, қар кеткенде бүкіл топырақпен бірге шөпті ақбөкендер түгелдей жұтып кетеді де, сонымен қоздырғыш топырақпен бірге барып денеге түседі.

Ғалымдар зерттеу жұмыстарын одан әрі жалғастыруға мүдделі. Бірақ енді ғана өз жемісін бере бастаған бұл істің нәтижелі болуы екіталай. Өйткені, алдағы желтоқсан айында тәлімбақты қаржыландыру тоқтатылады. Жоспарының қағаз жүзінде қалуынан қауіптенген ғалымдар мұндағы киіктерді басқа жабайы жануарлармен толықтыруды жоспарлап жүрген. Тіпті еліміздегі басқа зообақтармен келісіп, сирек кездесер жануарларды алмасу да жоспарланған еді. Осылайша, мұнда елік пен дуадақ, тіпті бұғыларды әкелініп, Жабайы жануарлардың биобалансын сақтау орталығы құрылуы тиіс болатын. Өкінішке орай, қазір бұл жоба арманнан гөрі қиялға көбірек ұқсап бара жатыр.

 Еркін Карин