Ертеңнен бастап Астанаға жақын маңдағы ауылдарға жаңа маршруттар шығарылады. Автобустар алты елді мекенге қатынайды. Бұл туралы «LRT» серіктестігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Тайтөбе ауылына нөмірі 302-ші автобус жүретін болады. Жол ақысы - 150 теңге. Қосшыға 303-ші автобус барады. Жол жүру құны - 130 теңге. Жібек жолы ауылына нөмірі 304-ші автобус шығады. Жол ақысы - 160 теңге. Талапкерге 306 автобусы, құны - 120 теңге. Қоянды мен Воздвиженкаға 307 және 311- маршруттар қатынамақ. Жол жүру құны сәйкесінше 100 және 140 теңге.
Жол ақысы Инвестициялар және даму министрілігінің есептеу жүйесіне сай бекітілген. Және зейнеткерлер, мүгедектер сынды өзге де әлеуметтік санаттағы азаматтарға жеңілдіктер сақталмайды. Ол үшін Ақмола облысы мәслихатының шешімі керек екен.
Айгүл Жамалова, «Астана-LRT» ЖШС баспасөз хатшысы:
Аталмыш бағдарларда жолақы мөлшері Инвестиция және даму министрілігімен бекітілген есептеу әдістемесіне сәйкес орнатылды. Ол 1 км жолға шаққанда 6,6 теңге болып есептелді. Қала маңында қатынайтын бағдарларда жеңілдікті санаттағы азаматтар үшін жеңілдіктер қарастырылмаған және қалалық ай сайынғы жолықы билетімен жүруге тыйым салынады. 15 жасқа дейінгі оқушылар үшін 50 пайыздық жеңілдік бар.
Айта кетерлігі, бұл бағыттар Ақмола облысына қосымша ретінде жіберілді. Ал бұған дейінгі жүріп келген 27, 38,43,45-ші автобустардың бағыттары өзгеріссіз қалады. Бірақ 52 және 54 бағыттағы экспресс автобустар бағдардан алынды. 54-ші автобустың орнына Жібек жолы ауылына жаңа 105 экспресс автобус шығады. Бұл бағыттарда жол ақысына жеңілдіктер сақталады.
Айгүл ӘДЕПБАЙ