«Біз - Ұлы Дала немерелері!» Астанада осындай атаумен Халықаралық балалар күніне орай үлкен мерекелік гала-концерт өтті. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен 300-ден асатам бала жиналды. Шараға Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова, Премьер-министрдің орынбасары Дариға Назарбаева да қатысып, бүлдіршіндерге құттықтауларын жеткізді.
Айта өтейік, сахна төріне шыққан жас таланттар арасында мүмкіндігі шектеулі балалар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған жеткіншектер бар. Барлығы да «BI Жұлдызай», «Таң Шолпан», «Бала дауысы» сынды конкурстардың жеңімпаздары.
Гүлшара Әбдіқалықова, ҚР Мемлекеттік хатшысы:
Әрине, бұл күнi бiз балаларды құттықтап, жетiстiктерiңiздi айтамыз. Сонымен қатар, әрине, бұл күн балалардың проблемасын айтып, мемлекеттiң, қоғамның, ата-аналардың көңiл аударуын талап ететiн күн деп ойлаймын.
Гүлшара Əбдіқалықованың айтуынша, бүгінде елімізде мүмкiндiгi шектеулi балалардың саны 140 мыңнан асады. Үш ауысымда оқытатын және апаттық мектептер, балабақшалар жетiспеушiлiгi де жоқ емес. Осы түйiткiлдердi шешуiмiз керек,- деді Мемлекеттік хатшы.
Ләйлә ҚАЗИАҚПАРОВА