Русский Сайттың толық нұсқасы

Әнші Батырхан Шүкеновтің қайғысы өнер сүйер қауымға ауыр тиді

  • AstanaTV
  • 29 сәуір 2015
  • 2612

Қазақстандық музыканың тағы бір мәйелі бәйтерегі құлады. Әйгілі әнші, саксофоншы, сазгер Батырхан Шүкенов туралы қаралы хабар түнде Мәскеуден жетті. Соңғы кездері Ресей астанасында тұрып, шығармашылықпен айналысып жатқан өнер иесі жүрек талмасынан оқыстан көз жұмған. Оның өнері мен жеке басының қасиеттерін сыйлайтын жұртшылық ғаламторда тек Батырханның әлемі мен оның қайғылы қазасын сипаттаумен болды. Бойынан тектілік, мейірбандық пен бекзаттық қана байқалатын Батырханды халық шынайы сүйді. Оның мәйіті бүгін түнде Алматыға ұшақпен жеткізіледі. 

Мәскеуден жеткен қаралы хабар бүгін таң атқаннан бері қазақстандық қоғамды дүр сілкіндірді. Көңіл айтулар, оның жағымды келбеті, ән әлеміндегі биік шыңы, жеке басының  ерекше қасиеттері туралы ақпараттар бір сәтте толастар емес. Әсіресе әлеуметтік желілердің беттерінде Батырхан Шүкеновтің ресейлік әріптестері, өмірдегі достары мен өнердегі серіктері ерекше тебіреністерін қалдыруда. Оның музыка әлеміндегі әрбір баспалдағына куә болған қазақ эстрадасының майталмандары да қайғыдан есеңгіреп қалған.

Роза Рымбаева, Қазақстан Халық әртісі:

Өкінішке орай, бүгінгі күн - қазақ музыкасы үшін, қазақ өнері үшін орны толмайтын қайғы. Батырхан бауырымның есімі менің жүрегімде, мәңгілік есімде қалады. Батырханың орнын толтыру қиын.  

Әнші соңғы уақыттары Ресей астанасында шығармашылықпен айналысып жүрген. Танымал өнер шеберінің туған бауыры Бауыржан Шүкенов ақпарат құралдарына берген сұқбатында Батырханның денсаулығының сыр беріп жүргенін айтыпты. Әнші жыл басында Ресей телеарналарының бірінде телевизиялық шоуға қатысқан. Одан кейін өзінің жеке шығармашылығымен айналысу үшін Мәскеуде қалған.

Бала Батырхан туған қаласы Қызылордада жүріп-ақ музыкаға әуестене бастайды. Ол 12 жасында мектеп ансамблінде өнер көрсетіп, көзге түседі. Бірақ өз естеліктерінің бірінде Батырхан Сырдарияның суына шомылып, доп қуалап, балалық шағында қатарластарынан ерекшеленбегенін әңгімелейді. Бүгін оның туған жерінде де қаралы жиын өтті. Ол білім алған мектепте сабақ еске алу үнсіздігінен басталды.

Валентин Ким,  Батырхан Шүкеновтың мектептегі мұғалімі:

Мен Батырханның сыныбына дене шынықтырудан сабақ бердім. Менің есімде оның сыпайылығы мен өзгеден ерекшеленіп тұратын бейнесі қалыпты. Бала кезінде музыкаға деген құмарлығы болатын. Ол осы саладан өз орнын тапты. Сол өнерді ерекше сүйді. Енді бүгін міне қайғырып тұрмыз. 

1980 жылдардың басында Алматыға келген соң, музыкант Роза Рымбаеваның қасында саксафоншы болып еңбек етеді. Ал оның өнердегі ең шарықтау кезеңі - «Алматы студиясы», халық арасында «А-Студио» деген атпен танылған топпен байланысты болды. Сөйтіп «Джулия» деген хит әнімен музыка әлемін жаулай бастады.

Оның бүкіл Кеңес халқына танылуы Алла Пугачеваның «Рождестводағы кездесу» кешімен байланысты болды. Осыдан соң Ресей примадоннасы қазақстандық топты ерекше қамқорлығына алады. Шүкеновтің орындауындағы ондаған шығарма бүкілодақтық хит шеруді бастап тұрды. Әртіс тек 2000 жылы жеке ән салу мақсатында топтан бөлініп кеткен болатын.

Тумысынан бекзат, жағымпаздық пен мақтаншақтықтан алшақ жүретін қазақ өнерінің қайталанбас өнерпазы жүрек талмасынан көз жұмған. Қазір оның қазасына жерлестері де, ресейлік әріптестері де ғаламторда қабырғасы қайыса, суыт хабарға өкініш білдіруде.  "Нұр Отан" партиясы да әншінің туғандары мен жақындары көңіл айтты. Музыканттың қасындағы әріптестерінің айтуынша, ол мамыр айында Астана мен Алматыда жеке концерт беруді де жоспарлап жүріпті. Айта кетейік, марқұммен қоштасу мамырдың 1 күні Алматыдағы Жамбыл атындағы филармонияда өтеді.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ