Қазақ халқы бүгін эстрада өнерінің жарық жұлдызы, сазгер, әрі әнші Батырхан Шүкеновті ақтық сапарға шығарып салды. Қоштасу рәсіміне халық таңғы сағат 7-ден бастап келе бастады. Шамамен 5 мыңға жуық адам танымал әншімен қоштасу үшін филармония алдына жиналып қалды. Халық марқұмның денесін ғимарат сыртына алып шыққан сәтте толассыз қол шамапалақтап, Батырхан Шүкеновтің рухы мен өнеріне қошемет білдірді.
Ал, ақтық сапар алдындағы қоштасу сөздері айтылғанда да тебіренбеген жан қалмады. Ел Президентінің көңіл айту жеделхатын Ахметжан Есімов оқып берді. Одан соң Батырдың өнердегі, өмірдегі достары мен туған бауыры Бауыржан Шүкенов естеліктер айтты. Ал әртістің жалғыз ұлы Мақсұт та бүгінгі қоштасу рәсіміне арнайы АҚШ-тан келген. Он үш жастағы бозбала әжесімен бірге елдің көңіл айтуын қабылдады. Осы сәтте көпшілік көз жасына ерік берді. Біртуар өнер иесінің шығармашылығына деген халықтың ыстық ықыласы, оның мәйіті Кеңсайға жөнелтілген соң да, толастамады. Батырханның әндері орындалғанда, халық қосыла шырқап, қоштасу рәсімі өткен жерден ұзақ уақыт тарамады.
Айта кетейік, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, БҰҰ балалар қорының ізгі ниет елшісі, көрнекті әнші Батырхан Шүкенов 29 сәуірде жүрек талмасынан қайтыс болған еді. Ол 53 жасына қараған шағында өмірден өтті. Алматы әкімдігі әншінің туған күні, яғни 18 мамырда, Республика сарайында еске алу концерті өтетінін хабарлады.
Еркеш Шәкеев, Батырхан Шүкеновтың досы, сазгер-әнші:
Я впервые в жизни вижу, когда сотни тысяч людей, миллионы людей под влиянием жизни и смерти одного человека ушли от оцепенения. Поняли, что духовная часть человека - это важная часть нашей жизни и соприкоснулись с высшей степенью духовности в творчестве и человеческого качества Батыра. Батырхан, Жан досым, сен менің жүрегімде әрқашан боласың! Жатқан жерің жәннат болсын! Әумин!
Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ