Тарихи тұлғалардың шахмат партиясы. Тараздық тұрғын Әбдірахман Алдабергенов қайыңнан қазақ хандары мен би-батырларының мүсіндер жасап, оларды шахмат фигуралары ретінде танытпақ. Мүсіндер арасында ағартушы ғалымдар мен ақын-жазушылар да бар. Автор, ерекше мүсіндер, балалардың жадында сақталып, тұлғаларға деген қызығушылық артады деп сенеді. 62 жастағы ақсақалдың тың бастамасымен Тараздағы тілшіміз Данияр Әлімқұл танысты.
Мына биіктігі - бас бармақ пен сұқ саусақ аралығындай болатын мүсіндердің арасында тарихи тұлғаларымыздың біразы қамтылыпты. Абылай ханнан бастап, Алаштың ардақты үш биін көрдік. Алғашқы ағартушы Ыбырай Алтынсарин да осында. Қазақтың қос батыр қызы Әлия мен Мәншүк те бар. Олар шахмат тақтасындағы негізгі тастар ретінде таңдалған. Ата мынау кім? А, бұл қазақ халқының әйгілі ханы. Осы мынау жерімізді, суымызды алып беруге көмектескен Абылай хан! Ақсақал осылайша мүсінді жасап қана қоймай, немерелеріне олар жайлы тарихтан сыр шертеді. Қала автотұрақтарының бірінде күзетші болып істейтін қарияның бұл іске бет бұрғанына 3 жыл болыпты. Ол бұл шаруасы - ермек емес, ертеңге қалар мұра деп біледі.
Әбдірахман Алдабергенов, мүсінші:
Ерекшелігі - шахматтың несіне арналған. Мынау енді хан - Абылай хан. Төле би оның ферзісі. Мына Әйтеке би, Қазыбек би офицерлері. Сосын мынау Бөгенбай, Қабанбай батырларды атқа мінгізіп қойдым. Ал, қалған батырлардың бәрі - пешка. Негізгі ниетім - мүсіндер арқылы балалар тарихтарды таныса дегем.
Қолынан шыққан мүсіндерінің саны әзірге 32. Яғни, шахмат ойнағысы келген қос қарсыластың 32 фигурасы түгел деген сөз. Ал, Әбдірахман шебер бұл бұйымдарын қарапайым құралдар - пышақ пен егеу арқылы жасағанын айтады.
Әбдірахман Алдабергенов, мүсінші:
Басында мүсінші боламын деп ойламадым. Мұны таза ақ қайыңнан жасаймын. Бұл ақ қайыңды Астанадан алдырып, бұған енді ешқандай бояу жақпаймын. Таза ағаш күйінде осы мүсінді шығарамын. Ешқандай балаларға зияны жоқ.
Данияр Әлімқұл, тілші:
Әбдірахман ақсақалдың бөлмесінің бір бұрышы - шағын шеберхана іспеттес. Ұста - ұлтымыздың ұлы тұлғаларын ұрпақ жадында жаңғыртуды ғана ойлайды. Сондықтан, алда атап өтер Қазақ хандығының 550 жылдығы - мүсінші үшін де маңызды. Ол тойға тарту ретінде тарихы тұлғаларымыздың мүсінін түгел жасап шығаруды жоспарлап отыр.
Данияр ӘЛІМҚҰЛ