Русский Сайттың толық нұсқасы

Алдағы уақытта жанармай құны мұнай бағасына сәйкес құбылады

  • AstanaTV
  • 01 маусым 2015
  • 1345

Энергетика министрлігі жанар-жағармай қорын құру идеясынан бас тартты. Есесіне мұнай өнімдерін сататын компанияларға ай сайын 200 млн тонна сұйық отын қорын сақтау тапсырылған. Салалық министрлік қазіргі уақытта елде 254 млн тонна жанармай және 400 млн тонна дизель отыны "сары майдай сақталып" тұрғанын айтты. Сондықтан тапшылық болмайды деген сенімде. Ал Мәжіліс төрағасының орынбасары Дариға Назарбаева күзге салым әдеттегідей қарбалас бастала ма деп қауіптенеді. 

Дариға Назарбаева, ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары:

Жанар-жағармай жетіспеушілігіне қатысты күзгі қарбалас, оқу жылы қарсаңында болатын кітап тапшылығы секілді. Ішкі нарықтағы былықты реттеу керек. Біз, 1991 жылмен салыстырғанда, бүгінде мұнай өндірісі бес есе өсіп, 80 млн тоннаға жетті деп, мақтанамыз. Дейтұрғанмен, ішкі нарықты сапалы сұйық отынмен әлі қамти алмай отырмыз. Күз де жақын. Жанармай бекеттері маңында тағы ұзын-сонар кезектер болмай ма? Біз әлі импортқа тәуелдіміз ғой. Шұғыл төртінші мұнай өңдеу зауытын салмасақ болмас.

Жаңа мұнай өңдеу зауытын салу мәселесі қазір қарыстырылып жатыр,- деді Энергетика министрі Владимир Школьник. Оның дерегінше, жалпы Қазақстанда мұнай өндіру көлемі 2031 жылы шарықтау шегіне жетеді. Қашаған және Теңізшевройл жобасын есепке алғанда, 2031 жылы 113 млн тонна мұнай өндіру көзделеді. Одан кейінгі 2040-2050 жылдары өндіріс көлемі едәуір кемиді, - дейді министр. Ал оның орынбасары мұнай өнімдері бағасы туралы толықтыра келе, жанармай құны әлемдік мұнай бағасына байланысты құбылатынын айтты. 

Ұзақбай Қарабалин, ҚР Энергетика министрінің орынбасары:

Негізінде дүниежүзілік мұнайдың бағасына қараймыз. Бүгінгі таңда мұнай бағасының көтерілгеніне қарай, мұнай  өнімдері де көтерілді. Әрі қарай мұнай бағасына қарап отырамыз.

Мұнай өндіретін алпауыт компаниялар маңына шоғырланған түрлі қызмет көрсетуші компаниялардың "жыры" бір бөлек. Олар Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болған соң, тапсырыстан мүлдем қағыламыз деп алаңдаулы. Өйткені Дүниежүзілік ұйым шарты бойынша отандық компаниялар бар артықшылықтан айрылып, тапсырыс аларда шетелдіктермен теңдей байқауға түседі. "Қазсервис" одағындағылар, әсіресе арзан қызмет көрсетуші қытайлықтар бұл саланы да жаулап алады, дейді. 3-4 жыл ішінде "қазақстандық қамту" мәселесі шешілмесе, мұнайлы өңірлерде 10 мыңдаған адам жұмыссыз қалады деген қорқыныш бар көрінеді. 

Дәуіржан Ауғамбай, «Қазсервис» одағының бас директоры:

Қызылорда, Ақтөбе облыстарында қытайлықтар қазірдің өзінде отандық компанияларды маңына жуытпайды. Ертең Дүниежүзілік сауда ұйымының шарты бойынша ашық, заңды түрде барлық тапсырыстарды өздері ғана алатын болады. Ал біздің компаниялар тақырға отырады. Өзіміз бәсекеге қабілетсіз деген әңгіме - аргумент емес. Мәселені шешудің жолын қарастыру керек.Қытайлық компаниялар өз мемлекеттерінің жасырын қолдауына ие.

Мөлдір БАҚЫТҚЫЗЫ