Өскемен мен Семейде 1-ші маусымнан бастап, суық судың бағасы бірден 100 пайызға қымбаттайды. Су бағасын аспандатып жіберетін қаулыға табиғи монополияларды реттеу департаментінің бастығы қол қойып үлгерді. Енді жаздың басынан бастап суық судың бір текше метрі облыс орталығында 83, ал Семейде 60 теңгеге болмақ. Бұл қымбатшылық әсіресе, пәтерлеріне су есептеуіш құралдарын орнатпаған тұрғындарға қатты соғайын деп тұр. Өскеменде есептеуіш құралдары жоқ пәтерлер иелері, адам басына 427 теңге төлеп келсе, енді жаздан бастап 855 теңге төлейді. Ал семейліктер айына судың әр кубына 590 теңге төлейді. Су бағасының қымбаттауын монополистер су сорғыш стансалары мен су тоғандарындағы техниканы жаңартуға қаражат қажеттігімен түсіндірді.
Қайрат Оразбаев, ШҚО Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаментінің бастығы:
Ең бастысы тиімділікке қол жеткіземіз. Яғни техникалық шығындар 19-дан 16 пайызға дейін төмендейді. Жөндеуді қажет етіп тұрған су құбырларының желілері 248 шақырымнан 99 шақырымға дейін, яғни 60 пайызға қысқарады.
Қазір Шығыс Қазақстан облысындағы тұрғындардың 65 пайызы су есептегіш қондырғыларымен қамтылған. Ал Республикалық көрсеткіш 95 пайызды құрайды.
Айгүл ӘДЕПБАЙ