Тәжікстанда ұлттық банктің басшылығы өзгерді. Ел президенті Эмомали Рахмон банк басшылығын түгелдей дерлік отставкаға жіберді. Банк төрағасы Абдуджаббор Ширинов пен оның орынбасары қызметтерінен айырылды деп жазады «Интерфакс». Оның орнына қаржы министрінің орынбасары болған Джамшед Нурмахмадзода тағайындалды. Сарапшылар Шириновтың орнынан алыну себебін қаржы нарығында қалыптасқан жағдаймен байланыстырады. Соңғы кезде тәжіктің ұлттық валютасы сомани қатты құнсызданып кетті. Қазір бір доллар 6,50 - 6,54 сомани тұрады. Экономистер де ұлттық банк басшылығының қызметімен қош айтысуы заңдылық деген пікірде. Бұған дейін ұлттық банк төл ақшаның бағамын ұстап тұру үшін жеке меншік ақша айырбастау орталықтарын жапқан еді. Бірақ бұл жағдай керісінше доллар курсының өсуіне әкеп соқты. Сол себепті билік жеке айырбас пункттерінің басым бөлігін қайта ашуға мәжбүр болды.
Айгүл ӘДЕПБАЙ